Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 131
476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ЭКСПО көрмесінде украиналықтар жасыл энергетика саласындағы тың жобаларын таныстырды

  • 862

Украиналықтар Астанадағы ЭКСПО-да ұзындығы 30 метрлік орамалымен жұртты қайран қалдырды. Бүгін көрме аумағында Украинаның ұлттық күні өтіп, жаңашыл ел жасыл энергетика саласындағы тың жобаларын таныстырды. Мысалы, шығыс Еуропа халқы күннен қуат алатын жалюз перде ұсынып отыр.

Қазақстан мен Украина арасында байланыстың тарихы бай, тамыры терең. Ағайындық қарым-қатынас көне Киевтік Русь пен Қыпшақ ордасы тұсынан басталатыны белгілі. ЭКСПО көрмесіне қатысуға келген қазіргі украиналықтар да бұл ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті.

Геннадий Зубко, Украина Премьер-Министрінің орынбасары:

-ЭКСПО көрмесінде таныстырылған украиналық жобалар қазақстандық инвесторларды қызықтырады деген үміттемін. Өйткені біз Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Мәселен, Чернобыльде күн саябағын ашу жоспарда бар. Мұнда күн мен желден қуат алынып, жақын жердегі елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Осы орайда Украина қазақ кәсіпкерлерімен әріптестік орнатуға дайын.

Украиналықтар көрмеге ұлттық сүлгісін әкеліп, талайды тамсандырды. Ұзындығы 30 метр тоқыма өніміне 20 келі жіп жұмсалған. Қолөнер шеберлерінің бұл туындысы енді Украинаның рекордтар кітабына енбек.

Жасын Біркенов, тілші:

-Бүгінде бұл елде баламалы энергия көздерінің үлесі – небары 2 пайыз. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 11-ге дейін жеткізу жоспарда бар. Ол үшін 15 млрд доллар көлемінде инвестиция қажет. Қазір Украина жасыл энергетика саласында тың технологияларды жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – мына жалюзи. Күннен қуат алып, бүкіл үйді жарықпен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бір ғана данасының құны  – 1 мың АҚШ доллары.

Украина жаңартылатын энергия көздерін енгізіп, осылайша энергетика тәуелділігінен арылуды мақсат етіп отыр. Көрмеде ұсынылған 100-ден аса жоба осыны меңзейді. Мәселен, мына құрылғы күннен қуат алып, суық суды жылытуға қауқарлы.

Александр Согоконь, жоба менеджері:

-Мұны көпқабатты және жеке тұрғын үйлерде, әкімшілік ғимараттарда пайдалануға болады. Балконға орнатып қойсаңыз, күніне 80-100 литр суды жылытасыз. Бағасы – небары 3 мың АҚШ доллары.

Украиналық жобалар ЭКСПО қалашығындағы «Жібек жолы плазасы» павильонында таныстырылды. Сонымен қатар бұл мемлекет 80-нен астам инвестициялық ұсыныс жасап отыр.

Авторлары: Ж.Біркенов, Ж.Битабаров

Хабар 24 телеарнасы