417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нидерланд EXPO көрмесіне қатысуды Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықты жалғастырудың жолы деп қарастырады

  • 550
Нидерланд EXPO көрмесіне қатысуды Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықты жалғастырудың жолы деп қарастырады

Нидерланд «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын бірінші болып растаған елдердің бірі екені белгілі.

Голландиялықтар халықаралық көрме аясында екі павильонын, атап айтқанда, ұлттық павильон мен Royal Dutch Shell атты корпоративтік павильонды таныстырып отыр. Аталған ел тұрақты даму саласындағы соңғы жетістерімен таныстыру Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы екі жақты қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынына сенімді.

Қазақстан мен Нидерланд арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылып, тараптар биыл 25 жылдық ынтымақтастығын атап өтуде. Нидерланд павильоны басшылығының ойынша, торқалы жылдың «ЭКСПО-2017» көрмесімен тұспа-тұс келуі екі ел арасындағы іскерлік қатынастарды ары қарай нығайта түспек. Қазақстан мен Нидерландты табысты экономикалық ынтымақтастық, әсіресе энергетика саласындағы серіктестік байланыстырып келеді. Сондықтан да Астанадағы ЭКСПО көрмесінің тақырыбы, атап айтқанда, «жасыл энергетикаға» көшу және энергия тиімділігімен байланысты мәселелер голландиялықтар үшін зор мәнге ие.

«ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысу арқылы біз көрме қонақтарының энергия тиімділігіне қатысты хабардарлығын арттырып, болашақ энергиясының мәселелерін Қазақстанмен ғана емес, сондай-ақ басқа да елдермен бірлесе шешуге ниеттіміз. Голландиялықтардың ойлау жүйесі осы бағытқа жақсы бастау бере алатынына біз сенімдіміз», деді журналистерге арналған баспасөз сапары кезінде Нидерланд павильонының жетекшісі Эвелин Бэлл.

Нидерланд Корольдігі Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесі ретінде қарастырады. Аймақтағы елдердің ішінде тек Қазақстанның ғана Нидерландта елшілігі бар екені осыны айғақтайды. Өз кезегінде, Орталық Азия аймағындағы Нидерланд елшілігі тек Астанада ғана қызметін жүргізуде.

Хабар 24 телеарнасы