425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Франция ЕХРО-2017 көрмесінде Peugeot Quartz көлігін таныстырды

  • 637

ЕХРО-2017 көрмесі аясында бүгін Франция елі Ұлттық күнін атап өтті.

Француздар павильонға ат басын бұрғандарды әртүрлі мәдени бағдарламамен қарсы алды. Мәселен, «Ол-де-ля шансон» ұлттық ән орталығы «Падам панам» қойылымын ұсынса, «Будуар» дуэті 1910-60 жылдардағы француз ретро-әндерін орындады.

Астанада өтіп жатқан ЕХPO көрмесін технологияға бай экоқалашық деп те атауға болады. Мұндағы әр заттың өзіндік ерекшелігі бар. Ал Франция павильонының жөні тіпті бөлек. Осындағы ең үлкен нысандардың бірі. Аумағы 1000 шаршы метрден асады. Қазір француздар қуат көзін үнемдеп тұтынатын болған. Оған мысал – Peugeot Quartz эко-мобилі. Гибридті көлік жанар-жағармаймен де, қуатпен де жүре алады. Осы тектес тың жаңалықтар Франция Ұлттық күнінде дүйім жұртты таң қалдырды.

Паскаль Лоро, EXPO-2017 көрмесіндегі Франция павильонының бас комиссары: 

- Бұл көрме әлемді аузына қаратқан жаңалықтың жаршысы дер едім. Ұйымдастыру шаралары өте жоғары деңгейде. Мұнда келген елдер өз жобаларын көрсетіп жатыр. Қазақстанның ұлттық павильонымен де таныстым. Ұнады. Бүгін біз де өз еліміздің Ұлттық күнін атап өттік.

Франция Ұлттық күнінің дәл осы 21 маусымда өтуі тегін емес. Бұл ерекше күн. Яғни музыка күні. Француздар 1789 жылдан бері мерекелеп келеді. Сондықтан бүгін павильонда әдемі әуендерге басымдық берілді. Шетелдік туристердің дені ән тыңдап, би билеп рахатқа бөленді. 

Енната Киврина, Латвиядан келген турист:

- Қазақ еліне алғаш рет табаным тиіп отыр. ЕХРО-ны көрейін деп бүгін ұшып келдім. Біздің Латвия да осы көрмеге қатысып жатыр. Мүмкіндігімше барлық павильондармен танысуға тырыстым. Франция Ұлттық күні жаныма жақсы әсер қалдырды. Астанадағы көрме мен үшін тазалығымен есте қалады.  

Көрме аясында дүние жүзіне танымал Keili Group квартеті Бретондық дәстүрдің заманауи көрінісін, әуендері мен билерін көрсетеді. Пиренейлерден құралған топ та өз бағдарламасын ұсынады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы