425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕХРО-2017 көрмесінде Қытайдың ұлттық күні өтті

  • 693

Бүгін Астанада Қазақстан мен Қытайдың энергетика саласындағы әріптестігіне негізделген бірнеше шара өтті.

Солардың бірі – ЕХРО-2017 көрмесі аумағындағы Қытай Халық Республикасының ұлттық күні.

Қазақстан мен Қытай ежелден көрші. Екі ел арасындағы қарым-қатынас тарихтың терең қойнауында жатыр. Тату-тәтті тұрып жатқан қос мемлекет арасындағы дипломатиялық байланысқа биыл – 25 жыл. Достық қарым-қатынастарды тереңдетуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің атқарған еңбегі зор. ЕХРО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасының төрағасы арнайы келіп, алғаш рет Жібек жолы экономикалық белдеуін салуды ұсынды.

Шэнь Юэюэ, Бүкілқытайлық xалық өкілдері жиыны тұрақты комитеті төрағасының орынбасары:

- Астана ЕХРО-2017 көрмесіне қатысу арқылы біз Қытай мен Қазақстанның достық қарым-қатынасын нығайтуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге жеткізе аламыз деп үміттенеміз. Қытай үкіметі біздің осы шараға қатысуымызға үлкен мән берді. Біз павильонымызда дәстүрлі энергияны трансформациялау мен экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жетістіктерімізді көрсетуге мүмкіндік алдық.

Қытай елінің «Болашақ энергиясы, жасыл Жібек жолы» экспозициясы көрмедегі ең ауқымды жұмыстардың бірі. Жалпы, Аспан асты елінің әлемдегі жаңартылатын энергия саласында көш бастап тұрғанын да айта кету керек.

Қытай Халық Республикасы ұлттық күнінің ашылу салтанатына еліміздің Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған депутаттар қатысты. «Қытайдың ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуы жаңа технологиялардың дамуына әрі екі ел арасындағы байланысты одан әрі тереңдетуге жол ашады», деді шара барысына сөз алған Мәжіліс төрағасы.

Авторлары: Мөлдір Доспаева, Ерзат Зайтхан

Хабар 24 телеарнасы