383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

EXPO 2017: Соломон аралдарының ұлттық күні

  • 558

Бүгін EXPO көрмесінде Тынық мұхиты маңындағы Соломон аралдарының ұлттық күні.

Соломон аралдарының делегациясы елордамызда өтіп жатқан EXPO көрмесіне тыңғылықты дайындық жүргізді. Бүгін өткен ұлттық күн барысында да елде дамып жатқан инновациялық технологиялар жайында көп дүние айтылды.

Сахна төрінде аралдың ауылды аймақтардағы тау өндірісі, энергия және электрлендіру министрі Дэвид Дэй Пичидің өзі сөз сөйледі. Ол мемлекеттің барлық өңірлерінде жел, күн және су қуаты қалай пайдаланылып жатқандығын тілге тиек етті. Заман талабына сай технологиялардың дамуы аралдықтардың өзінің төл мәдениетін сақтап қалуына еш кері әсерін тигізген жоқ. Бүгін де олар сахнаға шығып, қонақтар алдында ұлттық өнерлерін паш етті.

Салтанатты шара өз мәресіне жеткеннен кейін, қонақтар 600 мың ғана тұрғыны бар елдің EXPO көрмесіндегі павильонын аралауға кірісті.

Жалпы бұл арал табиғи ресурстарға бай. Алайда шикізаттың басым бөлігі импортқа жіберіледі. Салдарынан елде жанар-жағармай, отын бағасы қарыштап тұр. Сол себепті аралда баламалы энергия көздерін дамыту өте өзекті мәселе болып табылады.

Саланы дамыту үшін Соломон аралдарына БҰӘ мен Жаңа Зеландия елдері қол ұшын созды. 2015 жылы инвесторлардың арқасында ел астанасы Хониара қаласында фотоэлектр күн стансасы ашылды. Құрылғы тек елорданы ғана емес, бүкіл мемлекет аумағының 7%-ын баламалы энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар ғимарат ішінде экспозициялар бар.

Айта кетейік, бүгін Соломон аралдарының ұлттық күні кешке дейін өз жалғасын табады.

Хабар 24 телеарнасы