422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕХРО комиссарлары ғарыш айлағына барды

  • 1168

«Астана ЕХРО-2017» көрмесінің комиссарлары Байқоңыр қаласына барды.

Сапар аясында мәртебелі меймандар ғарыш айлағының тарихымен танысып, «Союз» кемесінің ұшырылу сәтіне куә болды.

«Астана ЕХРО-2017» көрмесі басталғалы бері 1,5 айдан асты. Осы уақыт ішінде мыңдаған мейман жаһандық шарада инновациялық жобаларды тамашалап, елорданың көрікті орындарын аралап үлгерді. Өңірлерге саяхаттап, елдің туристік әлеуетіне көз жеткізген қонақтардың да қарасы қалың. Ал бұл сапар еліміздің бірегей бренді Байқоңыр қаласы. Шаһар алып ғарыш айлағының әкімшілік орталығы болып есептеледі. Оның үстіне ЕХРО көрмесі аясында туристер үшін тартымды әрі танымдық мекен ретінде қызмет етеді. 

Рәпіл Жошыбаев, ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары:

- ЕХРО-2017 көрмесінің комиссарлары «Байқоңыр» ғарыш айлағына арнайы келді. Бұл сапарды «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясы ұйымдастырды. Барлық мемлекет өкілдері Қазақстанды Байқоңыр арқылы таниды. Себебі олар дәл осы жерден ғарышқа алғаш рет адам ұшқанынан хабардар.

«Байқоңырға» жыл сайын мыңға тарта саяхатшы келеді. Соңғы екі айдың өзінде көрсеткіш еселеп ұлғайған. Оған әсіресе Астанада өтіп жатқан бүкіләлемдік көрме қонақтарының қызығушылығы арта түсті.

Дүниежүзілік ЕХРО көрмесі қонақтары үшін көрсетілетін бірден-бір нысан бұл Байқоңыр ғарыш айлағы. Дәл осы жерде аспан мен жер арасындағы байланыстың қалай орнағаны бүкпесіз көпшілік назарына ұсынылады. Мәселен, музей ғарыш айлағының өткені мен бүгінінен сыр шертіледі.

Ғарышкерлер музейі халықаралық көрме комиссарлары аялдаған алғашқы нысан. Америка, Африка, Еуропа, Азия құрлықтарынан жалпы саны 37 елден келген меймандардың бұл алғаш рет ғарыш кеңістігімен кеңірек танысуы. Музейге 10 мыңға жуық көрнекі бұйым қойылған.

Мгер Бадалян, EXPO-2017 көрмесіндегі Армения павильоны комиссарының орынбасары:

- Байқоңырды тамашалау – бізге бұйырып тұрған үлкен мүмкіндік. Бұған дейін мұндайды көрген емеспін. Ғарыш саласына ерекше қызығамын. Музейдің ауқымы кең. Және мұнда қойылған жәдігерлер өте құнды деп есептеймін. 

Энтони Пахигиян, EXPO-2017 көрмесіндегі АҚШ павильоны комиссарының орынбасары:

- Байқоңырға келемін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін. Мұндай мүмкіндікті ұсынған мамандарға алғысым зор. Біздің елде де ғарыш айлағы бар. Бірақ Байқоңыр тарихта алғашқы әрі ерекше кешен болып есептеледі.

ЕХРО комиссарларының Байқоңырға жасаған алғашқы сапары «Союз» кемесінің ұшырылуымен тұспа-тұс келді. Яғни Халықаралық ғарыш станциясына АҚШ, Италия және Ресей азаматтарынан жасақталған экипаж аттанды.

Зымыранның көкке көтерілу сәтін 300-ге тарта турист арнайы алаңнан тамашалады. Олардың арасында экипаж мүшелерінің жақындары мен отандастары да бар.

Ромас Янкаускас, EXPO-2017 көрмесіндегі Литва павильонының комиссары:

- Бұл сапарымызға дән ризамыз. Туристерді осы жерге әкеліп, арнайы таныстыру өте жақсы бастама деп ойлаймын. Алдағы уақытта мұнда тағы келуге тырысатын боламын.

Матин Абдул, EXPO-2017 көрмесіндегі Бангладеш павильонының комиссары:

- Зымыранның ұшқан сәті ерекше әсер қалдырды. Енді бұл оқиғаны жақындарыма және достарыма жиі айтып жүремін. 

ЕХРО көрмесі аясында ұйымдастырылған бұл сапар мәртебелі меймандардың есінде ерекше сақталары анық. Енді олар еліміздің басқа да аймақтарына саяхаттап, Қазақстан жайлы көбірек біле түсуге ниетті. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы