420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Күн қуатымен қозғалатын Solar Stratos ұшағының пилоты ЭКСПО-ға келді

  • 975

Астанадағы ЭКСПО көрмесіне күн қуатымен қозғалатын Solar Stratos (Солар стратос) ұшағының пилоты Рафаэль Домжан келді.

Швейцария күніне орай шаһарымызға арнайы ат басын тіреген өнертапқыш алдағы жоспарларымен де бөлісті. Келесі жылы осы ұшақпен ол стратосфера қабатына, яғни ғарышқа дейінгі кеңістікке көтерілуді көздеп отыр.

«ЭКСПО баламалы қуат көзін насихаттау алаңына айналды, сондықтан Астанадағы шара мінберінде тұрып, адамзатты ғаламшарды сақтауға бағытталған таза энергияны дамытуға шақырамын», - дейді Рафаэль Домжан.

Айта кетейік, ұзындығы 8,5 метрден асатын Solar Stratos ұшағы электр қуатын қанаттарына орнатылған күн панелдері арқылы алады. Рафаэль Домжан осы ұшақпен 25 шақырымдық биіктікке көтерілуді көздеп отыр. Саяхат 5 сағатқа созылады деген болжам бар.

Рафаэль Домжан, Solar Stratos пилоты: 

- Күн энергиясын пайдалану идеясына келуімнің басты себебі – ғаламшардағы климаттың өзгеруі. Өйткені Солтүстік полюс, Исландия үстінен көп жылдар бойы ұшып жүрмін, сонда байқағаным ондағы алып мұздықтар еріп, жоғалып бара жатыр. Бұдан бөлек 15 жыл бұрын досым екеуіміз алғаш рет шатырға күн панельдерін орнатып өзіміздің серверімізді қуaттандырдық. Бұл бізді қатты шабыттандырды.

Хабар 24 телеарнасы