389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

EXPO-2017: Вьетнам су электр энергиясын өндіруден ең озық 14 мемлекеттің қатарында

  • 643

Бүгін ЕХРО қаласының қонақтары Вьетнам елінің ұлттық мәдениетімен кеңірек танысты.

Халықаралық мамандандырылған көрме шеңберінде тәуелсіздік күнін атаған социалистік республика дәстүрлі музыкасымен көрмеге келушілердің құлақ құрышын қандырды. Ал мың бұралған бишілер жарқын киім үлгілерімен көзге түсті. Ұлттық күндер сахнасында өткізілген шараға еліміздің Мәжіліс спикерінің орынбасары Владимир Божко мен Вьетнамның Мәдениет, спорт және туризм министрі Нгуен Нгок Тхен қатысты.

Айта кетейік, Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан бұл ел баламалы қуат көзі ретінде жел екпінін қолданып отыр. Вьетнамда желдің жылдық орташа жылдамдығы секундына 6 метрді құрайды. Сондай-ақ бұл ел су электр энергиясын өндіру әлеуеті бойынша ең озық 14 мемлекеттің қатарында.

Нгуен Нгок Тхен, Вьетнамның Мәдениет, спорт және туризм министрі:

- ЕХРО төрінде Вьетнам күнін өткізген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Бүгін еліміз тәуелсіздігінің 72 жылдығын тойлады. Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымызға 25 жыл болды. Екі ел арасындағы саяси және экономикалық байланыс әлі де беки түседі деген сенімдемін.

Владимир Божко, ҚР Мәжіліс спикерінің орынбасары:

- Экономикалық одақ елдері мен Вьетнам арасындағы Еркін сауда аймағы жөніндегі келісім былтыр күшіне енген. Осы тұрғыдан екіжақты сауда-экономикалық байланыс тек нығая түседі деген сенімдеміз. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстан өзінің көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңартпақ. Сол арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен теміржол байланысын орнатқысы келеді. Вьетнам елі осы істе қолдау білдіреді деген ойдамыз. 

Концерттік бағдарламадан кейін Мәжіліс вице-спикері Владимир Божко бастаған бір топ депутат шетелдік делегациямен бірге Вьетнам павильонына шерумен барды. «Дәстүр мен заманауилықты үйлестіру – Вьетнамның болашақ энергиясы» тақырыбын қамтитын концепциялармен танысқан делегаттар артынша ұлттық павильонымыз «Нұр әлемді» аралады.

Хабар 24 телеарнасы