384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» халықаралық форумы басталды

  • 1026

Бүгін ЭКСПО көрмесі аясында «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форумы басталды.

Шараға 25 елден 300-ге жуық делегат келді. Мұндай жиын Астанада алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Қазақстан ЭКСПО көрмесіне «Болашақ энергиясы» тақырыбын кездейсоқ таңдамады. Қойнауы қазынаға толы болғанымен, оның түбінде сарқылатыны белгілі. Сондықтан баламалы энергия көздерін пайдалану, табиғи ресурстарды сақтау әлем халқын толғандырып отыр.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы.

– Бүгінде дүние жүзі инклюзивті дамуға ден қойып отыр. Осы ретте әйелдер энергиясы өте таза, жасампаз энергия дер едім. Нәзікжандылар адамзаттың «жасыл экономикаға» өтуіне барынша өз үлесін қосуы керек. Бүгін біз энергия тиімділігі мен таза технологияларды ілгерілету, саясаттағы, ғылым мен бизнестегі және қоғамдық бірлестіктердегі әйелдердің рөлін күшейту мәселелерін талқылаймыз. Әлемде технологиялық инновациялар мен цифрлық технологиялардың дамуымен байланысты өзгерістер болып жатыр. Олар «жасыл экономиканы» дамыту үшін жаһандық ахуалды түбегейлі өзгертеді.

Шараға жиналған әйелдер күн санап дамып жатқан заманауи технологияларды тиімді пайдалану жайын сөз етті. Егер ғалымдар ұсынып отырған тың жобалар қолға алынса, дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті жоюға болады. «Сонда қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғап қана қоймай, жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік зор», дейді мамандар.

Наталья Кочанова, Беларусь Президенті Әкімшілігінің басшысы:

Табиғат байлығының да таусылар кезі болады. Сондықтан біз осы кезден-ақ, болашақ жайын ойлауымыз керек. Қазіргі таңда жасыл экономикаға өту әлем халқы үшін маңызды екені анық. Бұл ретте әйелдердің де алар орны ерекше. Әйелдер бизнесте, білім мен ғылымда өздерінің біліктілігін көрсетіп жүр. Ендеше «Болашақ энергиясын» қалыптасыруда біздің рөлімізде ерекше болмақ.

Ләззат Сүлеймен, Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары:

– Қоршаған ортаның ластануын азайту, «жасыл экономикаға» көшудің тұжырымдамасын қабылдаған бірден бір ел. Тұжырымдама бойынша «жасыл энергия» көздерін енгізу 2050 жылға дейін 50 пайызға дейін жеткізілуі тиіс. Бүгінгі форум әйелдердің саясат, ғылым, экономика, мәдениетпен қатар «Болашақ энергиясын» қалыптастыруда да ауқымды істер атқара алатынын көрсетіп отыр.

Қазақстан «жасыл экономикаға» көшудің жолдарын қарастырып жатыр. Соның бір дәлелі – Арнасай ауылында ашылған орталық. Мақсат – тұрғындарға «жасыл экономика» мен технологиялар туралы жүйелі білім беру. Қазір онда 35 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, көмірдің қызуын бірнеше рет арттыратын пиролиз пеші, күн батареялары, энерготиімділікті арттыратын киізүй жұмыс істеп тұр.

Салтанат Рақымбекова, «Жасыл экономиканы қолдау коалициясының» басқарма төрайымы:

– Былтыр бір жылдың ішінде 5 жарым мың қазақстандықты тартқан едік. Енді оның тең жартысы – әйелдер. Олар технологияларды көре отырып, өздерінің жұмыстарына енгізуге болатынына көздері жетіп отыр. Мысалы, әлеуметтік нысандар екі-үш есе өздерінің шығарып отырған шығындарын кемітуге болады. Негізгі біздің тұжырымыз осы «жасыл технологиялар» арқылы ауылдық жердегі өмір сүру деңгейін көтеруге болады. Бизнесті дамытуға болады.

Еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 44 пайызға жуығы нәзікжандылардың еншісінде. Жаңадан жұмыс орындарын ашуда да қосып отырған үлестері басым. Ендеше ел қазынасына қырауар қаржы құйып отырған әйелдердің «Болашақ энергиясын» дамытуға да қосар пайдасы зор болмақ. 

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы