425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ХКБ: Astana EXPO 2017 көрмесі жоғары деңгейде өтті

  • 2746

Astana EXPO 2017 айтулы шарасы мамандандырылған көрмені өткізетін өзге елдерге үлгі. Париждегі Халықаралық көрме бюросы елімізде өткен шараға осындай баға берді.

Астанада өткен халықаралық көрмеге алғашында 100 мемлекет пен 10 халықаралық ұйым қатысады деп жоспарланған. Алайда Қазақстан бұл межені асыра орындады. EXPO 2017 көрмесіне қатысуға ниет білдірген мемлекет саны 115, ал халықаралық ұйым саны 22-ге жетті.

Рәпіл Жошыбаев, Astana EXPO 2017 комиссары:

– Халықаралық көрме бюросының талаптарына сай жұмыс істедік. Сондықтан бізге жоғары баға қойды. Халықаралық көрме бюросы Astana EXPO 2017 көрмесі болашақта өзге елдерге үлгі болатынын айтты. Сондай-ақ 2019 жылы Бейжіңде өтетін көрме жайында айтылды. 2020 жылы Дубайда жоспарланған көременің дайындығы әңгімеге арқау болды. Біз енді бір айдан кейін өтетін Халықаралық көрме бюросы Бас ассамблеясында қорытынды баяндама жасауға дайындаламыз.

Кездесу барысында Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Винсенте Лоссерталес Қазақстанды EXPO көрмесін сәтті өткізуімен құттықтады. Көрмені өткізуде ерекше ықылас білдіріп, қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғысын білдірді.

Димитрий Керкентзес, Халықаралық көрме бюросы бас хатшысының орынбасары:

– EXPO 2017 қазақстандықтар үшін маңызды шара болғаны анық. Шара өте сәтті өтті. Келушілер көп болды. Қаншама мемлекет қатысты?! Қазақстан жоғары деңгейде дайындалғаны көрініп тұр. Ұйымдастырушылар, қатысушы мемлекеттер көрменің тақырыбын аша алды. Келушілер «Болашақ энергиясы» тақырыбында мәлімет алды. Ең бастысы, өз көздерімен көріп, сезінуге мүмкіндігі болды. Шынымды айтсам, көрме аумағының дөңгелек болғаны мені таңғалдырды. Алғаш рет көрдім. Сондықтан болар, қалашық аумағына жүру өте ыңғайлы еш қиындық тудырмады. Бұл идеяны болашақта өзге мемлекеттерге ұсынар едім.

Жиында «Пекин 2019», «Дубай 2020» көрмелеріне дайындық жайы пысықталды. Сондай-ақ 2022 жылы өтетін EXPO көрмесіне үміткерлер жайы талқыланды. Келесі мамандандырылған көрменің қайда өтетіні қарашада дауыс беру арқылы анықталады.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы