389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Польшада Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

  • 635

200 мемлекеттен 500-ге жуық павильон.

Орталық Еуропадағы ең ауқымды туристік көрме Уорлд Трэвел Шоу Польшада өтіп жатыр. Онда өзінің ұлттық павильонын Қазақстан да ұсынды. Еуропалықтарды отандық туроператорлар несімен таңқалдырды?

Көрмеде отандық туроператорлар Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін барынша ашуға тырысқан. Онда еліміздің ең әдемі қалаларына, Жібек жолы бойына, жергілікті демалыс орындарына арналған түрлі саяхаттар бар. Одан бөлек еуропалық туристердің назарына Байқоңыр, ҚарЛАГ және Семей полигоны сынды ерекше бағыттағы экскурсиялар да ұсынылды.

Мадина Абильдина, KITO компаниясының ішкі туризм бойынша менеджері:

- Байқоңырға саяхат маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Оған отандастарымызбен бірге шетелдік туристер де қызығушылық танытып жүр. Бұл біздің алғашқы тәжірибиеміз. Соған қарамастан көңілімізден шығып жатыр. Польша мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс жыл санап дамып келеді. Сол себепті елімізге турист тарту үшін осындай ауқымды көрмеге қатысып жатырмыз.

Жер көлемі жағынан әлемде 9-орында тұрған Қазақстан әртүрлі көрінісімен шетелдіктердің қызығушылығын оятып отыр. Көрмеге қойылған стендке келушілердің қарасы да қалың. Бірін біздің елдің тарихы мен археологиялық ескерткіштері қызықтырса, енді біріне жаңа Астананы көру маңыздырақ. Сол сияқты Қазақстанның табиғатына тамсанғандар да көп болып шықты.

Марек, көрермен:

- Біз үшін маңыздысы – Іле өзені мен Балқаш көлі. Онда әлемдегі ең үлкен сомдар бар. Бізді жалпы балық аулау үрдісі қызықтырады. Мен достарыммен бірге ихтиолог ретінде сіздің елге баруды жоспарлап отырмын. Көп естігенше, көзбен көрген дұрыс деп шештік. Көрмеде тұрған стендтен Астанаға Варшавадан баратын тікелей рейстің бар екенін білдім. Біз үшін бұл қолайлы саяхат болғалы тұр.

Астана мен Варшава арасындағы тікелей әуе рейсі ғана емес, визасыз жүріп-тұру мүмкіндігі де Қазақстанға келушілердің қатарын көбейтпек. Сарапшылардың айтуынша, Астанада өткен ЭКСПО көрмесінің арқасында шетелдік қонақтар Қазақстан туралы көбірек ақпарат алған. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан ауқымды шара Қазақ елінің абыройын асқақтатқаны рас.

Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Астанада өткен ЭКСПО мультипликативтік нәтиже берді. Біздің павильонға келушілер: «ЭКСПО-ны сіздер өткізген жоқсыздар ма? Қалай болды? Бізге қызық. Бүктемел бар ма?», деп сұрап жатыр. ЭКСПО-ның өтіп кеткеніне қарамастан, көрме арқылы олар Қазақстанды тани түсті. Сондай-ақ мен Польша туристік ұйымын, туристік палатасын және сауда-өнеркәсіп палатасын шақырып, кездесу өткіздім. Олардың айтуынша, Қазақстандағы Жібек жолы мен Астана бағытына сұраныс артып келеді.

Казимир Цвикла, PTAK WARSAW EXPO вице-президенті:

- Қазақстан біз серіктестік орнатқымыз келген мемлекеттердің бас экспоненті сынды. Мен де Астанада өткен ЭКСПО көрмесіне бардым. Бұл өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара болды.

Варшавадағы көрмеде Қазақстан тек бай туристік күш-қуатын ғана танытып қоймай, өзіндік мәдениетін де көрсете білді. Әр мемлекеттің әні шырқалған бас сахнадан отандық өнерді тамашалауға мүмкіндік туды. Польшада білім алып жатқан қазақстандық студенттер арнайы бағдарлама дайындады. Ал туристік көрмеге келгендер қазақ халқының ұлттық әні мен биін тамашалап, домбыраның үнін естіді.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы