378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕХРО 2017 қалашығы серуен құратын қоғамдық орынға айналады Featured

  • 1014

Елордадағы EXPO қалашығында туристік аймақ ашылды.

Аумағы ат шаптырым орталықта саяхатшылар үшін қысы-жазы қызмет көрсетілетін бірегей нысандар іске қосылды. Ал жаңа жыл қарсаңында мұз қалашығы бой көтеріп, еліміздің басты шыршасы жағылады.

Он бірінші айдың он бірі, сағат тілі 11-ден асқан сәт. Бұл жай ғана сәйкестік емес. Бұл – ЕХРО 2017 қалашығының қайта айқара есік ашып, туристік аймақ ретінде тыныс-тіршілігі жаңарып, жанданған уақыты.

Көрме алаңы ашылған алғашқы сағаттың ішінде «Нұр Әлем» сферасын 2 мыңға жуық адам аралап үлгерді. Өйткені ұйымдастырушылар ұлттық павильонның тақырыптық мән-мазмұнын байытып, бірқатар жаңашылдық енгізген.

Марат Омаров, «Астана Экспо-2017» ҰК департаментінің директоры:

– Келушілер «Нұр Әлем» қосымшасын жүктеп, павильондағы әрбір инсталляцияны ұялы телефоны арқылы тамашалай алады. Ол үшін сфераның әр қабатында QR-кодтар жазылған. Сол арқылы қосымша көрме жобаларын шынайы түрде көрсетеді.

«Нұр Әлем» сферасындағы туристік аймақты көпшілікпен бірге Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та аралап, оң бағасын берді. Айта кетейік, жаңа жыл қарсаңында еліміздің басты шыршасы көрме алаңына орнатылады. Оған қоса зәулім мұз қалашығы ашылып, көңіл көтеріп, серуен құратын қоғамдық орынға айналады. Ал нысандарды аралау бүгін және ертең тегін болса, кейін келушілер арнайы билетпен кіреді. Оның құны балаларға – 1000, ересектерге 1500 теңге.

Жанар Бейсенбаева, қала тұрғыны:

Жаңа жылға қарай мұнда отбасымызбен келуді ойлап отырмыз. Біз бұл сәтті ұзақ күттік. Мұз айдыны мен қалашығының ашылатыны да қуанышты жағдай.

Ақәділ Дәулетов, қала тұрғыны:

Жаз кезінде бірнеше келгенмін. Қайта келгеніме қуаныштымын. Бұл жер өте жақсы. Болашаққа жол ашатын жаңа технологиялар жиналған.

Әлемдік деңгейдегі 24 жобаны біріктірген үздік тәжірибелер алаңы да қайта іске қосылды. Сондай-ақ заманауи өнер орталығы, суретшілер көрмесі және білім орталығы қалыпты қызмет көрсетуге кірісті. Нысанның әр қабатында орналасқан көрнекі құралдар ерекше көз тартады. Оның үстіне болашақ энергиясына арналған «Нұр Әлем» музейінің әлемде баламасы жоқ. Сфера қыс мезгілінде де үздіксіз жұмыс істейді. Шынымен қапталған ғимараттың жылыту жүйесі озық технологиялармен жабдықталған. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы