387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада 9 мыңнан астам орны бар ақылы тұрақтар пайда болады

  • 1265

Елордада ережені елемей, тұрақ ережесін бұзғандар көбейіп барады.

Былтыр бұл факті бойынша 15 мың хаттама толтырылса, биыл тек жыл басынан бері ғана 17 мың дерек тіркелген. Есесіне көлік жүргізушілері автотұрақтар жетіспейді деп қынжылады. Бұл істің кілті қашан табылады?

Көлігін тыйым салынған жерге қойып, ережені бұзған елордалықтарға қатысты жыл басынан бері 17 мың хаттама толтырылды. Бұл былтырмен салыстырғанда 10%-ға артық. Демек ережені елмейтіндердің саны артып келеді. Ал оның себебін көлік жүргізушілері былай түсіндіреді.

Рысбек Нұрмағанбетов, көлік жүргізушісі:

- 10-15 минутқа мына мекемеге шаруаммен келгенмін. Енді көлігімді қайда қоямын? Бір шақырым жерге апарып қоймайсың ғой. Ал бұл жерде автотұрақ жоқ.

Қаптаған көлік, иінтірескен кептеліс. Автотұрақтардың жетіспеуінің себебі де осы. Бүгінде көлік қоятын орындарға сұраныс көп. Енді жақында бұл мәселе оң шешімін табады. Астанада 9 мыңнан астам орны бар ақылы тұрақтар пайда болады.

Нұрлан Уваев, Астана қ. ІІД Әкімшілік полиция бастығының орынбасары:

- Ақылы автұрақтар қаланың екі аумағында орналасады. Біріншісі оң жағалауда. Бұл Сарыарқа, Бөгенбай, Республика даңғылдары мен жағалау. Ал екіншісі сол жағалауда орын тебеді: Сығанақ, Тұран, Сарайшық, Орынбар көшелерінде.

Қазір ақылы тұрақтардың тарифтері бекітілді. Бұл орындарда көлігін қою үшін жүргізушілер сағатына 150 теңге төлейтін болады. Ал заңбұзушылық фактілерін енді мынадай арнайы көліктер тіркемек.

Рустам Халилев, «Астана LRT» ЖШС көлік жөніндегі директоры:

- Ақылы тұрақтар жүйесі бұл қаламызға енгізіліп жатқан тың технология. Ол қалай жұмыс істейді? Мәселен темір тұлпарыңызды заңмен тыйым салынған жерге қойдыңыз делік. Бұл арнайы көлік тоқтамай-ақ қасынан өте салып, заңбұзушылықты бірден тіркей алады. Машинаның мемлекеттік нөмірін орталыққа жібереді. Мұнда орнатылған қондырғылар толық сертификациядан өткен.

Жүйе әзірге пилоттық жоба. Ол тамыз айында іске қосылып, орталық көшелерінің бірінде сыналады.

Авторлары: Ж.Біркенов, Б.Қадыржанов

Хабар 24 телеарнасы