383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада Алматы облысының жәрмеңкесі өтіп жатыр

  • 999

Алматы облысының шаруалары Астанаға мол өнім әкеліп, халықты бір кенелтті.

Жәрмеңкеге келген елордалықтар оқушылар сарайы маңындағы алаңда қолжетімді бағамен азық-түлікті көптеп алып жатыр. Екі күнге жалғасатын шарада алматылықтар ауыл шаруашылық өнімдерінің 45-ке жуық түрін ұсынады. Таң сәріден Елордада себелеген жаңбырға қарамастан Алматы облысының ауыл шаруашылық өнімі жәрмеңкесіне келушілердің қарасы қалың. Еліміздің шұрайлы өлкесінен Астанаға 323 тонна көлемінде 45 түрлі өнім арнайы жеткізілген.

Райхан Ахметжанова, Астана қаласының тұрғыны:

- Келген тағамдардың сапасы өте жоғары, биылғы өнімдер ол жақ оңтүстік болғандықтан біздікі әлі піскен жоқ. Барлығы ойдағыдай. Рахмет ұйымдастырғандарыңызға. Келіп тұрыңыздар. Алматы облысының жәрмеңкесі өте жақсы өтіп жатыр.

Бұл жәрмеңке Астана мен Алматы облысы әкімдерінің бірлескен келісімі аясында жүзеге асып отыр. Сөрелерге қойылған өнімдердің барлығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай. Күнделікті зауыттан шығатын тағамнан жалыққан қала тұрғындарының табиғи, отандық өнімге деген қызығушылығы жоғары.

Әділ Әбдікәрімов, Сатушы:

- Астана қаласындағы жәрмеңкеге Алакөл ауылынан келіп отырмыз. Әкелген өніміміз картоп және жуа мен сәбіз. Бағасы қолайлы. Барлығы риза. Рахметін айтып, қайтадан келіңдер деп жатыр. Бізде қуаныштымыз.

Ал өз кезегін шыдамсыз күтіп тұрған тұтынушылар қантты молынан алып қалуға тырысуда. Науқан алдында өңірлерде бұл өнімнің бағасы шарықтағаны белгілі. Алматы облысының шаруалары болса, халыққа қантты қолжетімді бағамен сатып жатыр.

Сәрсенбай Бекішов, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Алматы облысы осы жәрмеңкелерді әрі қарай жалғастырады. Бұл бір ғана емес, бірнеше жәрмеңке болады деп ойлаймын. Өйткені халық пен сатушылар тіл табысып жатса, біздің сөзбен айтқанда тіл табысу деген олардың өнімі өтіп жатса, олардың алушылары болып жатса, оны әрі қарай жалғастыра береміз. Оны ұйымдастыру біздің міндетіміз.

Алматы облысының 15 ауданы мен 5 қаласында өндірілген азық-түлік жәрмеңкесі ертең де жалғасады.

Авторлары: Елдос Сапарғали, Арман Данышбаев.

Хабар 24 телеарнасы