389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында Тоқтар Әубәкіровтің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті

  • 1508

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Қазақ елінің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Дүбірлі тойға мерейтой иесінің шетелдік әріптестері, отандық зиялы қауым өкілдері қатысты. Ғарышкердің құрметіне орай қойылған ескерткіш мұнараның ашылуы салтанаты болды. Бала күнінен ұшқыш болуды армандаған Тоқтар Әубәкіров әкеден ерте қалып, анасын жетектеп Теміртауға келеді. 15 жастағы  ауыл баласы куәлігі жоқ, жұмысқа тұра алмай қиналады. Дегенінен қайтпайтын қайсарлығының арқасында ақыры куәлік беретін жерден құр қайтпайды.

Тоқтар Әубәкіров, Қазақ елінің тұңғыш ғарышкері:

- Ендеше мен осы жерден шықпаймын, жейтін тамағым жоқ, киетін киімім жоқ, сендер мені ендеше тамақтандырасыңдар, шешемді де осында алып келемін дедім. Бір кезде паспорт бөлімінің маманы бастығын шақырып келді. Кім, қайсың жұмыс істегің келіп барады, мен бірінші рет көріп тұрмын жастайынан жұмыс істеймін деген баланы, әй жазып беріңдер деп аналарға бұйрық берді, сонымен мені жұмысқа алды.

Теміртау металл құю цехынде еңбек ете жүріп алғашында парашюттен секіру, кейін ұшқыштар мектебіне оқиды. Су жаңа ұшақтарды күрделі сынақтардан өткізіп, Кеңес Одағының батыры атанды. 1991 жылы ғарышкерлерді дайындау тобына қабылданып, сол жылы күзде қазақ пен ғарышты байланыстырды. Бүгінде Тоқтар Әубәкіров әлемдегі теңдесі жоқ 10 ұшқыштың қатарында.

Франц Фибек, ғарышкер-зерттеуші /Австрия/:

- Біз бір экипажбен ұштық, командир Александр Волков бар, Тоқтар бәріміз бізге жаттығып, қазір жақсы достық қатынастамыз. Жыл сайын кездесіп тұрамыз. Биыл бірінші рет Тоқтардың туған жеріне келіп, тойлап отырмыз.

Алаш жұртының аманатын арқалап, ғарышты бағындырған батырдың мерейтойына 100-ге жуық киіз үй тігіліп, ат жарыс, күрес сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Той иесіне жерлестері екі темір тұлпар тарту етті. Жергілікті ауыл тұрғындары халық қаһарманын Батыр аға деп құрметтейді. Қазақ елінің сайыпқырандары батырға қарап бой түзері сөзсіз.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков.

Хабар 24 телеарнасы