386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлдық психолог ерекше балаларға арналған оңалту орталығының жобасын жасады

  • 1050

Петропавлдық психолог оңалту орталығындағы балаларға арналған жаңа жоба бастады.

Көп жыл бойы арнайы түзету мектептерінде еңбек еткен Айжан Урозолимова уақытымның көбін мүгедек балалардың арасында өткізгендіктен, осындай қадамға бардым дейді. Бүгінде маманның бұл ойын ауыр науқаспен күресіп келе жатқан ата-аналар айрықша қолдауда.

Бақытжан Қайыржанованың ұлы 10 жастағы Әлішер аутизмге шалдыққан. Жеткіншек израильдік дәрігерлерге қаралып, ресейлік мықты мамандардың да қабылдауында болды. Қазір жүзу, тіл жаттықтыру сияқты жаттығулармен өз бетінше айналысып жүр.

Бақытжан Қайыржанова, қала тұрғыны:

- Бұндай балалардың қатары жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Біздің балаларымыз өсіп жатыр, уақыт кетіп жатыр, кішкентай балалар осы аутизм ауруына шалдығып жатыр. Сол балаларды тезірек ертерек емдесе, бұл балалар сауығып кетеді екен.

Жақында Петропавлда түзету орталығы ашылды, алайда өңірге бұл жеткіліксіз дейді Даун дертіне шалдыққан қыздың анасы Татьяна. Өйткені ерекше күтім мен көмекке зәру балалар саны өте көп.

Татьяна Дель, «Солнечный дом» қоғамдық қорының басшысы:

- Жақында ашылған коррекциялық орталыққа тек 7 жасқа дейінгі балалар бара алады, мамандардың қабылдау уақыты да аз. Ол жердегі барлық ем-шаралар ұнайды, бірақ бұл өте аздық етеді.

Он жылдық тәжірибесі бар Айжан Урозолимова осы мәселелердің барлығын елеп-екшей келе, тірек-қимыл жүйесінде ақау бар немесе аутизмге, Даун синдромына шалдыққан балаларға көмектесу кезек күттірмейтін проблема екендігін жеткізуде.

Айжан Урозолимова, психолог:

- Ауытқушылықтары бар балалар өте көп, бірақ олардың бойындағы дертті жеңуге болады. Ол үшін сондай балалармен тезірек, яғни 12-13 жасқа толмай тұрып айналысу керек, сонда олар тез сауығып кетеді. Барлығы кешенді әрі уақтылы болуы қажет.

Айжан осындай даму ауытқушылықтары бар балаларға арналған оңалту орталығының жобасын жасап, оны арнайы байқауға жіберді. Енді «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасымен грантқа қол жеткізсем деген үміті бар. Егер сәті түссе, уақыт өткізбей өз жобасын іске асыруға кіріспек.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Нұргүл Ахметова, Руслан Алиев

Хабар 24 телеарнасы