384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шығыс Қазақстанда қымыз туристерді тартудың көзіне айналды

  • 838

Шығыс Қазақстанда сапалы қымыз туристерді тартудың табысты көзіне айналды.

Мәселен Қатонқарағай ауданындағы Дәуітхановтар отбасы 12 жыл бойы осы кәсіппен айналысып келеді. Бүгінде олар сауып отырған қымызды өңір-өңірден іздеп келіп ішетіндер жетерлік. Ал тапсырыс беретіндер тіптен көп. Сондықтан шаруақор жанұя мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алып, сауын мал басын көбейтіпті. Қазір кәсіптері өрге басып, сатып отырған сусындары нағыз брендке айналған. Отанасы Арайлым Жельменованың күнделікті кәсібі осы. Пісіп отырған қымызының тіл үйрердей дәмді болуы үшін бүкіл жанын салады. Ол еңбегі еш кетіп те жатқан жоқ. Бүгінде отағасы Қайнар екеуін бүкіл аудан таниды. Тіпті қайнар қымыз керек деп, ат арылтып іздеп келетіндерді көргенде төбелері көкке жеткендей болады.

Арайлым Желменова, ферма жетекшісі:

- Қарағай,Балқарағай арасында мынадай әртүрлі шөп өсетін жерде қымыз дәмі өте ерекше, балдай қымызымыз. 12 жыл болды сауып отырғанымызға. Қымызымыз атақты. Қайнар қымызы деп елдер іздеп алады.

Сапасын төмендетпеу үшін сауын биелер таудағы қалған биелермен алмастырылып тұрады. Арайлым тіпті дәстүрлі сусынды қысқа сақтаудың да әдісін мықты меңгерген. Сондықтан бұл шаңырақта қысы-жазы қымыз үзілмейді. Осыған сай туристер де жиі ат басын бұрады.

Талғат Әлиханов, турист:

- Дәмін татып жүрміз талай жердің қымызын, бірақ мына біздің Алтайдың бөктерінде жүрген биенің қымызы ерекше.

Шырайлым, Нұрайлым есімді егіз қыздары бүгінде атадан қалған сусынның сапасын бірден ажыратады. Өздері де осы істі үйренуге ынталы.

Шырайлым Дәуітханова, кәсіпкердің қызы:

- Қалай биелерді саууды үйреніп, көріп, келесі жылы мамамның қолын тигізбей, өзім сауып, мақтан тұтатындай қыз болғым келеді.

Нұрайлым Дәуітханова, кәсіпкердің қызы:

- Бетті қызартып ұйқыны келтіретін қымызды біз таза қымыз деп айтамыз. Кейбір тәтті қымыздар болады, дұрыс пісілмегендіктен, сондықтан шын қымыз дәмі тілге қышқыл болса да денсаулыққа өте пайдалы боп келеді.

Бастапқыда бес бас биемен іс бастаған фермада қазір 100 бас жылқы бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібіміз жыл сайын қарқындап келеді,- дейді шаруа. Айта кеткен жөн, өткен жылы Қатонқарағай ауданындағы қымыз шаруашылығын қолдау үшін 72 миллион теңге бөлінген екен.

Авторлары: Э.Ахметова. А.Төлепов

Хабар 24 телеарнасы