378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бұдан былай елордалықтардың ішетін суында хлордың дәмі татымайды

  • 1467

Құбыр арқылы келетін су ішуге жарамды.

«Астана су арнасы» тіршілік нәрін қайнатпай-ақ тұтынуға шақырады. Мамандардың айтуынша, елордалықтар пайдаланатын су денсаулыққа пайдалы. Елордалықтар жылына 94 млн текше метр су тұтынады. Бұл Каспий теңізіндегі судың көлемінен де артық. Ал сол тіршілік нәрі бізге қайдан және қалай келеді. Астана тұрғындары Есіл өзенінің суын пайдаланады. Ол бұрынғы Вячеслав, қазіргі Астана су қоймасынан келіп, сорғы-сүзгі станциясына құяды. Мұнда біріншіден, су техникалық қоймаға жөнелтіледі. Одан өндірістік қажеттілік үшін жылу электр стансасы мен кәсіпорындарға таратылады. Станцияда тіршілік көзін тазартатын екі блок бар. Алғашқысы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал екіншісінде Есілден келген су залалсыздандырылып, сәулелендіріліп, сүзгілеуден өтеді. Енді ішуге жарамды су үш резервуарға келіп түсіп, кейін тұтынушыларға жеткізіледі.

Уәлихан Досаев, «Астана су арнасы» МКК бас директоры:

- Блок 2010 жылы пайдалануға берілді. Оның қуаттылығы тәулігіне 100 000 текше метрді құрайды. Табиғи су осы жерге келіп түседі. Осында тазалаудың барлық кезеңінен өтіп, тиісті нормаларға сәйкес ішуге жарамды күйге дейін жеткізіледі.

Бұдан былай елордалықтардың ішетін суында хлордың дәмі татымайды. Бұрын тіршілік нәрін тазарту үшін сұйық хлор пайдаланған. Ал қазір натрийдің гипохлоридін қолданады. Яғни, табиғи су жоғары сапалы ас тұзы арқылы тазартылады. Тың технология маусым айында енгізілді. Енді крандағы су ішуге жарамды. Жай «жарамды» ғана емес, «ішуге пайдалы». Бұл мамандардың айтқаны.

Рашид Маитдинов, «Астана су арнасы» МКК бөлім басшысы:

- Крандағы суық суды қайнатпай-ақ ішуге болады. Оның сапасы жоғары әрі пайдалы. Өйткені, біз тұтынатын тіршілік көзінде қажетті минералдар мен тұздар бар.

Маманның сөзін мекеменің бас директоры да растап отыр. Ол да суды краннан ішеді. «Астана су арнасы» иісі қолқаны қабатын Талдыкөлдің мәселесін де шешті. Естеріңізде болса, сол жағалаудағы жағымсыз иіс елордалықтарды ғана емес, Елбасыны да алаңдатқан еді. Мамандар тығырақтан шығудың жолын тапты.

Қаскен Тілеубаев, кәріз тазарту ғимаратының жетекшісі:

- Қазір жағымсыз иіс жоқ. Бұрын пайдаланған су Талдыкөлге құйылатын. Қазір олай емес. Су алдымен тазартылып, ультракүлгінмен залалсыздандырылып барып, енді Есілге төгіледі.

Ал жыл соңына дейін тазарту ғимаратының екінші кезегі пайдалануға берілмек. Жағымсыз иіс мәселесі сол кезде біржола шешіледі,- дейді мамандар.

Авторлары: Ж.Біркенов және Ә.Тәуекелов.

Хабар 24 телеарнасы