389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл елімізде 32 мыңға жуық білім гранты бөлінді

  • 1077

Биыл 32 мыңға жуық талапкердің мемлекет есебінен жоғары білім алуға мүмкіндігі бар.

Ал тегін оқуға талпынғандардың саны 59 мың 677 адамды құрайды. Үміткерлерді іріктеу білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияға жүктеледі. Бүгін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің төрағалығымен комиссияның алғашқы отырысы өтті. Бөлінген гранттардың 2950-і дайындық бөлімдеріне, 300 орын сырттай оқуға және қалған 28 мың 452 грант үшін күндізгі оқуға түсуге ниеттенген талапкерлер таласа алады. Жаңа оқу жылында мемлекет техникалық және технологиялық мамандықтарға басымдық берген. Мұндай факультеттерге 12 мың 593 орын бөлінгелі отыр. Алайда, биылғы талапкерлердің көпшілігі мұғалім болуға құлшынып отырған көрінеді. Сұраныстың жоғары болғандығы сондай, педагогикалық мамандықтарға бөлінген бір гранттан 23 адам үмітті. Ал, бөлінген орын бар болғаны 5 мыңға жуық. Сондықтан, ұстаздық етуді армандағандарға қойылатын талап та күшті болмақ.

Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі департамент директорының міндетін атқарушы:

- Осы педагогикалық мамандықтарға талапкерлерді қабылдау кезінде талапкерлер арнайы емтихандарды тапсырды. Бұл талапкер болашақта мұғалім бола алады ма, оның балалармен жұмыс істеуге қандай қабілеттері бар екені, психологиялық тұрғыдан оның жеке қандай қасиеттері барын айқындағаннан кейін ғана комиссия құрамы бұл талапкерді конкурсқа қатыстырып отыр.

Хабар 24 телеарнасы