384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аралдағы тұз өндірісі жаңа белеске көтерілді

  • 3288

Мемлекеттік қолдау мен жаңа технологияның арқасында Аралдағы тұз өндірісі жаңа белеске көтерілді.

Отандық нарықты ас тұзымен қамтушы бірден-бір кәсіпорынның қуаттылығы 2 есеге артып, 200-ден аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туды. Қазір Қызылорданың тұзы көршілес Ресей мен Қырғызстанға да сатылып жатыр. Мұнан бөлек зауыт жанынан кальцийлендірілген сода шығару қолға алынбақ. Бұл бастама аймақта салынып жатқан шыны зауыты үшін маңызды. 90 жыл бойы түгесілмеген тұзды көл. Бұл - Жақсықылыш ауылы маңындағы ақ алтынның кеніші. Ғасырға жуық қазылса да табиғи байлық қоры өздігінен толыға түскен. Биыл бұл жерден 400 000 тоннаға дейін тұз өндірілмек. Шикізат тәулік бойы тынбайтын 3 цехта өңделеді. Соның екеуі ең озық дейтін испандық технологиямен жабдықталған. Жаһандық экономикадағы қиындықтар өндірістің өрлеуіне тұсау бола алмады. Зауыт былтыр полимер, биыл тұз өңдеу цехтарын іске қосты. Жұмысшылар саны артып, мыңнан асып кетті.

Гүлнұр Әлиқұлова, зауыт жұмысшысы:

- Осы кезге дейін үйде жұмыссыз отырдым. Қазір екі ай болды жұмыс жасағаныма. Отандық өнім испандық технологиямен жұмыс жасап жатырмыз.

Аралдың табиғи кен байлығын ұқсатудағы ұтымды бастаманың енді бірі – еліміздегі алғашқы кальцийлендірілген сода өндірісінің қолға алынуы. Тың жоба арқылы бұл өнімге импорттық тәуелділікті екі есеге дейін азайту көзделген.

Нағашыбай Әуезханов, кәсіпорынның вице-президенті:

- Оның негізгі компоненті - тұз. Міне оның орны белгіленді, техникалық документтерінің бәрі жасалды, жұмыс ең жоғарғы қарқында жұрып жатыр. Енді келешекте Арал ауданының халқын жұмыспен қамтуда оның үлкен өзінің орны болады деп есептейміз.

Жоба жүзеге асса, Арал маңында жыл сайын 200 тоннаға дейін калцийлендірілген сода шығарылады. Жаңадан 700 жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда бұл бағытқа инвестиция құю жолдары пысықталу үстінде.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтманбетов

Хабар 24 телеарнасы