389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

К.Мәсімов Павлодардағы агроқалашықта атқарылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты

  • 839

Павлодар облысында 1 200 бас сүтті ірі қараға арналған сүт-тауар фермасы мен 5 000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы салынады.

Бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Кәрім Мәсімов агроқалашықта атқарылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты. Шаруа қожалығындағы бордақылау алаңдары Қазақстаннан бөлек, кеден одағы елдеріне мал етін экспорттауға жол ашады. Сондай-ақ агроқалашықта студенттерді іс-тәжірибеден өткізу үшін Ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғылыми алаңын ашу қарастырылған. Ал шаруа қожалығының жұмысшылары үшін жаңа үйлер салынбақ. Бұдан өзге ауыл шаруашылығы алабына 9200 гектар суармалы жер қарастырылып отыр.

Руслан Аушев, Шаруа қожалығының жетекшісі:

- Жоба 100 пайыз іске қосылды деуге болады. Суару арналарының соңғы жұмыстары ғана қалды. Негізінде барлығы іске қосылған. 18 суару машинасы жұмыс істеп тұр, енді тек 8-і қалды. Қысқа дейін барлығын аяқтап, келесі жылы іске қосамыз.

Премьер-министр өңірдегі ауылдарды сумен қамту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау үшін республикалық қазынадан 720 млн теңге бөлінген. Бүгінге дейін оның тең жартысы игерілді.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

- Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету - кезек күттірмейтін мәселе. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Павлодар облысындағы 405 елді мекеннің 78-і, яғни 19 пайызы ғана сапалы ауызсумен қамтылған. Бұл - ел бойынша ең төменгі көрсеткіш. Сондықтан бұны тездетіп шешіп, аймақтағы жағдайды түзеуді Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрлігіне және облыс әкімдігіне тапсырамын.

Хабар 24 телеарнасы