386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысындағы Ақсу қаласында кәсіпкерлік бастамаларға 82 млн теңге бөлінді

  • 670

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы ауыл шаруашылығын түлетуге де айтарлықтай септігін тигізіп отыр.

Әсіресе кәсібін енді бастаған шаруалар жеңілдетілген несие алып, жаңа ауыл шаруашылығы агрегаттары мен құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Соның арқасында диқан қауым егіс алқаптарын кеңейтіп, дала жұмыстарын өз уақытында аяқтап үлгерді. Шаруа қожалықтары елді мекен тұрғындарын тұрақты табыспен қамтып, ауыл түтінінің түзу шығуына септігін тигізіп келеді. 

Гүлнар Әбішева үшін бұл маусымдық жұмыс болса да табысы толымды. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының қатысушысы атанған ол мамыр айынан бері шаруашылықта еңбек етіп келеді. Ала жаздай қияр баптаған Гүлнар жемісін көретін кезеңге де жетіп отыр. 

Гүлнәр Әбішева, егінші:

Егіннің шығымы жақсы. Күніне 10-15 қаптай өнім жинаймыз. Табиғи таза қиярдың дәмі татымды. Жылыжайда, ашық топырақта күн қызуымен піскен өнім ерекше дәмді болады ғой.

Шаруашылықта Гүлнар секілді «Жұмыспен қамту» орталығының жолдамасымен келген 4 адам жұмыс жасайды. Барлығы жақын ауылдарда тұрады. Жұмысшылардың жалақысын төлеп, кейін мемлекеттен субсидия есебінде қаржысының бір бөлігін қайтарып алатын қожалық төрағаларына бұл жүйе тиімді.

Гүлнәр Асылбекова, Ақсу қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

Біз келісімшарт аясында атқарылған істер актісі бойынша жалақыларының 35%-ын субсидиялаймыз. Қалған 65%-ын жұмыс беруші өтейді.

Ағымдағы жылы 3 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізген шаруашылық соқа, дән сепкіш және өзге де былтыр жалға алып қолданған құрал-саймандарын түгелдеп алды. Соның арқасында қауын-қарбыз пісуге жақын, картоптың да салымы жақсы.

Талғат Қамбаров, шаруа қожалығы төрағасының міндетін атқарушы: 

- Аз уақытта көп іс тындырдық. Биыл жауын-шашын мөлшері көп болғанына қарамастан дала жұмыстарын дер кезінде аяқтадық. «Жол картасы» ісін енді бастаған шаруаларға тиімділігін көрсетті. Техникамызды сайлаудан бөлек, қомақты қор жинап алуға да мүмкіндік туды. 

Ақсу қаласы бойынша кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға биыл 82 млн теңге бөлінді. Мұнда 36 бизнес жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Соның жартысы қазір іске қосылды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Е.Әбішев, А.Якубов

Хабар 24 телеарнасы