378,86 417,79 6,08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ертіс өңіріндегі көптілді лагерьлерге сұраныс артқан

  • 996

Павлодар облысында «Үш тұғырлы тіл» саясатын жазғы лагерьлер де табысты жүзеге асыруда.

Биыл өңірде жазғы демалыс орындарының жанынан 200 тіл мектебі ашылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, лингвистикалық курстарда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.

Бұл Павлодар ауданына қарасты Қызыләскер ауылының маңындағы киіз үй лагері. Тынығуға келген балалар қазақ халқының тарихы мен тұрмыс-тіршілігі жайында мол мағлұмат алады.

Тәттімбет Жасқайратұлы, лагерь тәрбиеленушісі:

- Осы лагерьге келгелі біз көп қызықты, қазақтардың киіз үйде тұрып, қандай жерлерде өмір сүргендерін, барлығын біле бастадық.

Ефремовка ауылындағы музей қызметкерлері жеткіншектердің назарына мәдениет ошағының қорындағы жәдігерлерді ұсынды. Жылдар бойы жиналған тарихи экспонаттардың басым бөлігін елді мекеннің тұрғындарына тиесілі екен.

Светлана Шим, Павлодар ауданы Ефремовка ауылы мектеп музейінің жетекшісі:

- Бұл бір қарағанда қарапайым таяққа ұқсас. Дегенмен, жәдігер өткен ғасырларда киім үтігі ретінде пайдаланылған. Тұрмыстық зат шамамен 150-180 жыл бұрын қолданыста болған.

Баянауыл жерінен Павлодар ауданына келген ұл-қыздар демалыспен қатар үш тілді қатар меңгеруде. Қос өңірдің оқушылары тіл табысып, ағылшын тілін оқуға құлшына кіріскен.

Сәуле Нұрғалиева, облыстық білім басқармасының бас маманы:

Биыл Баянауыл ауданында 50 оқушы алғаш рет ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Сонымен қатар, компьютерлік сауаттылықтарын арттыруда. Балалар шет тілін Ұлыбританиядан келген еріктілерден үйренуде.

Жаз мезгілінде 14 мыңға жуық оқушы лингвистикалық курстарға тартылған. Бұл бағыттағы жұмыс келер жылы да жалғасын таппақ.

Авторлары: А. Есімханова, Е. Әбішев, А. Якубов

Хабар 24 телеарнасы