388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Олимпиада жүлдегері Ольга Рыпакованы жерлестері құшақ жая күтуде

  • 816

Жерлестерінің мықты қолдауын сезінген Ольга Рыпакованың жүлдесіз оралуы мүмкін емес еді.

Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында қола медаль еншілеген спортшы қыздың анасы Валентина Алексеева осындай пікірде. Айта кеткен жөн, шығысқазақстандық Ольга Рыпакова ұзындыққа үш қарғып секіруден қола жүлдеге қол жеткізіп, ел қоржынына сегізінші медальді салды. Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің ұжымы жеңімпаздың туыстарын қуанышты сәттерімен құттықтады. Өткен түнді көз ілмей өткізген Ольганың анасы мен апайы соңғы сайыс сәтін тікелей эфирден тамашалапты. Содан бері тек қана құттықтау қоңырауларын қабылдауда.

Валентина Алексеева, Ольга Рыпакованың анасы:

- Ольга өзінен халқының алтын медаль күткенін білді. Сондықтан болар өте қатты толқулы болды. Дегенмен төккен тері ақталды. Кіші ұлын өмірге әкеліп, қайтадан аяқтан тік тұрып, осындай дүбірлі додаға қатысудың өзі батырлық. Қызымның жүлделі орын алуға сенімі мол болды, өйткені ол алыста жүрсе де туған-туыстарының үміті мен қазақстандықтардың аса үлкен ықыласын сезінді.

Жеңіл атлеттің кезекті жеңісі жас спортшыларға да дем беруде. Тіпті Ольганың 3 жастағы ұлы Кириллдің спортқа деген қызығушылығы ерекше екен. Қаршадайынан қарғып секіруді үйреніп жүрген бүлдіршін Олимпиада төріндегі анасын асыға күтуде. Жалпы Риода өтіп жатқан байрақты бәсекеге Шығыс Қазақстаннан 6 спортшы аттанды. Соның ішінде Ольга Рыпакова ғана жүлделі тұғырдан көрінді.

Авторлары: Э.Ахметова, А.Төлепов.

Хабар 24 телеарнасы