386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мұхтар Құл-Мұхаммед: Құрылыс нысандары қоғам бақылауында болады

  • 726

Әлемдегі қаржылық қиындықтарға қарамастан мемлекет құрылыс пен жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөліп отыр.

Өз кезегінде мердігерлер тапсырылған істі уақтылы әрі сапалы атқаруы тиіс. Олардың жұмыс барысы, қаржының игерілуі әрдайым қоғам назарында болады. Қостанайға іссапармен барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді.

Қостанай қаласына «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 4 жобаға 2 млрд 600 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы жылу нысандарын жөндеу мен 40 жылдан астам уақыт жаңармаған су құбырларын ауыстыруға мүмкіндік береді. Десек те, қаражаттың игерілуі көңіл көншітпейді.      

Базыл Жақыпов, Қостанай қаласының әкімі:

- Былтырғы 2015 жылда жұмыстар қалыс болды. Биыл соның орнына кесте бойынша жетіп келе жатырмыз. Жылу жағдайында 3 нысанның игерілгені 94%, су бойынша 44% бүгінгі күнге игеріліп отыр.

Гидротораптан облыс орталығына техникалық су жеткізетін мына жобаның құны – 578 млн теңге. Қостанайда қазан айында жылу маусымы басталады. Мердігерлер «жұмысты қарашаға дейін қайтсек те аяқтаймыз» дейді. Мұхтар Құл-Mұхаммед құбыр тартудың тым шабан жүріп жатқанын сынға алды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Мынау нысан осыдан екі жыл бұрын басталған, әлі күнге дейін аяқталмаған. Екі-ақ ай уақыт қалды. Сондықтан осындай әрбір нысан партияның бақылауында болуы керек. Кез келген басталған жұмыс аяғына сапалы түрде жеткізілуі керек. Міне, «Нұрлы жолдың», Президенттің әр бағдарламасы алдағы уақытта партиялық бақылауда болады.

Ал, Қостанайдағы 115 орта мектепте жөндеу биылғы маусым айында басталды. Әйтсе де, жұмыстың дені еңсерілген, білім мекемесі қараша айында дайын болмақ. Өткен ғасырдың 57-жылы салынған ғимарат жаңғыртуды қажет етіп тұрған-тын.

Жантөре Ысқақов, мектеп директоры:

- Іші-сырты бірдей азып, балалардың арманы болып еді. Қай кезде жаңа ғимаратқа келеміз деген. Бүгінгі таңда күрделі жөндеу болып жатыр. Іші-сырты бірдей, инженерлік коммуникациялары, материалдық базасы жаңадан болады. 

Мектепті күрделі жөндеуден өткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 576 млн теңге бөлінген. Қостанайлықтармен кездесуінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары мемлекеттік бағдарламалардың дағдарысты еңсеріп, жұмыссыздықты азайтуға елеулі ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Авторлары: Абылай Мауданов, Сергей Трахтенбер

Хабар 24 телеарнасы