376,74 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германияда қаруға сұраныс артты

  • 883

Террорлық шабуылдардан кейін еуропалықтар қару сатып алуды жиілеткен.

Травматикалық тапанша мен газ баллонына сұраныс көп. Сальватор Мичеллоти қару алып қамданған көпшіліктің бірі. Тапанша алғаннан бері жаны жай тапқанын айтады. Былтыр шүріппені басып, атудың машығын меңгерген. Сақтықта қорлық жоқ. Оқ ататын күн тумасын дейді.

Сальватор Мичеллоти, қала тұрғыны:

- Алғаш рет өз қауіпсіздігім туралы 2001 жылғы терактіден кейін ойлана бастадым. Сол уақытта өзімді және отбасымды қандай жағдайдан болмасын қорғаймын деп шештім. Германиядағы дүрбелендерден кейін үкімет АҚШ-тағыдай заңды оңтайлап, жаппай қару алуға рұқсат етуі тиіс.

Бұл күні немістер дүкен сөрелеріндегі көз жасаурататын газ, травматикалық қару мен электрошокерлерді көптеп алуда. Былтырғымен салыстырсақ, сату көлемі екі есе артқан. Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері Германияда өзін-өзі қорғауға 400 мың лицензия берілген.

Кристоф Кюттнер, қару дүкенінің қожайыны:

- Мәселен, Мюнхендегі атыстан кейін дүкеніме келушілердің қатары күрт артты. Біз тек рұқсат етілген қаруларды сатамыз. Германияда ондай 4,5 млн қару бар. Бірақ одан бөлек айналымда қаншама заңсыз мың қару жүр.

Заңсыз қару айналымы шынында неміс билігі үшін бас қатырған басты мәселеге айналды. Мюнхендегі қанды оқиғада тіркелмеген тапаншадан 18 жастағы Иран азаматы 9 адамды жайратып, 30-н жаралады. Мұндай сойқандарды сирету үшін үкімет, енді заңды күшейтуге білек сыбана кіріскелі отыр.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский.

Хабар 24 телеарнасы