389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-та 49 жүкті әйел Зика вирусын жұқтырған

  • 865

Нью-Йорк қаласында 49 жүкті әйел Зика вирусын жұқтырған.

Бұл туралы шаһардың мэрі Билл де Блазио баспасөз мәслихатында хабарлады. 3 апта бұрын Нью-Йоркте Зика вирусын жұқтырған бала дүниеге келді. Дәрігерлер нәрестенің ми дамуында ауытқу бар екендігін анықтады. Оның анасы бұл ауруға осы індет таралған өңірге барған кезде шалдыққан. Халықты дүрліктірген оқиғадан кейін, қаланың денсаулық сақтау қызметі 3 жарым мыңға жуық жүкті әйелді бақылауға алды. Олардың 49-ында Зика вирусы бар екендігі белгілі болды. Олар індетті Латын Америкасында жұқтырды. Осы мәселеге қатысты өткен конференция барысында мэр Билл Де Блазиомен бірге АҚШ конгресінің өкілдері де келді. Қала басшысының мәліметтеріне сүйенсек, мұнда 420 адамның ағзасында Зика вирусы бар.

Билл Де Блазио, Нью-Йорк қаласының мэрі:

- Біз Зика вирусымен күресу үшін барымызды салып жатырмыз. Бірақ қазір қалаға Федералды үкіметтің көмегі қажет. Тұрғындарды қауіпті вирустан сақтандыру үшін қазынадан 21 миллион доллар бөлінді. Алайда бұл қаражат жеткіліксіз.

Ақшаның тапшылығы жалпыұлттық дағдарыс салдарынан болып тұр. Де Блазио ел конгресінен қосымша 2 миллиард доллар бөлуді сұрады.

Каролин Малони, АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі:

- Республикалықтар қаржы бөлуден бас тартып отыр. Зика вирусына қарсы күрес жүргізу үшін әкімшілік Эбола індетіне бөлінген қаражаттан 589 миллион доллар алу керек.

Оған дейін билік бұл індеттің алдын алу үшін ауруды тарататын масадан құтылу жолдарын іздемек. Қала тұрғындарына далада балалардың ойыншықтарын қалдырмау керектігі ескертілді.

Авторлары: Дариға Ташенова, Майра Абдрахманова, Ренат Садыров.

Хабар 24 телеарнасы