386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандылық археологтар қола дәуіріне тиесілі жәдігерлерді тапты

  • 1235

Қарағандылық археологтар Арқа өңірінен табылған пирамида төңірегінде қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тарихшылар бұл қорғанды Биғазы-Дәндібай мәдениетіне жатқызып отыр. Ежелгі мавзолей үш мың жыл бұрын салынған. Археологтар тілшілерімізге біздің дәуірімізге дейінгі 14-ғасырда жерленген мәйіттің бас сүйегін көрсетті. 

Биғазы-Дәндібай мәдениетінің өкілдері сол заманның өзінде құрылысты терең меңгерген. Ежелгі қорғанның биіктігі 2 метр, 5 қабаттық қабырғадан тұрады. Тарихи жәдігер Қарағанды қаласынан 120 шақырым жердегі Талды ауылының маңында орналасқан. Ғалымдар пирамиданың құрылысына қарап, оның Сарыарқаны мекендеген жергілікті тайпалардың көсеміне арнап салынған деген болжам жасап отыр.

Сағындық Жауынбаев, ҚарМУ тарих факультетінің профессоры:

- Бір кереметі, қола дәуірінің соңғы кезінде мүлік теңсіздігі пайда бола бастаған, мынадай үлкен қорғандар тұрғызған. Осы қорған патшаның қорғаны шамамен. Екі рет тоналуы мүмкін. Әрине, бағалы заттардың барлығын алып кетті, дегенмен сүйек қасындағы атының бас сүйегі болуға тиіс.

Бұл маңайда пирамидадан басқа 30 шақты қорым бар. Олар таяз әрі шағын. Барлығында адамдар тұрмыстық заттарымен бірге жерленген. Кейбірінен қыш, қоладан жасалған бұйымдар қазылып алынды. Жәдігерлер жақсы сақталған.

Ернар Бейсенбаев, экспедиция мүшесі:

- Олар қанжарды мынадай тастың астына тығып қойған. Өйткені қорғандар тоналған, сондықтан олар жақсылап орналастырған пышақты. Бізде мұндай заттарды таба алмаушы едік, металл іздеуіш құрылғының көмегімен тауып алдық.

3 мың жылда құмға көміліп қалған қорған археологтардың жоспарлы барлауының арқасында табылды. Қазір қазба жұмыстары жалғасып жатыр.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы