389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мұғалімдердің жалақысын көтеру жұмыстары ары қарай жалғаса бермек

  • 3026

Жаңа оқу жылында оқушылар бірыңғай оқулықтармен толықтай қамтылады.

Қыркүйек айынан бастап бірқатар ЖОО-ның ректорлары сайланады. Келер жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі өзгертіледі. Астанада өткен білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде министр Ерлан Сағадиев осындай бірқатар жаңашылдықтарды жіпке тізіп өтті. Жаңа оқу жылы басталмас бұрын білім саласындағы жаңашылдықтарды пысықтайтын тамыз кеңесі, биыл еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 1600 педагогтың басын қосты. 80 000 маман жиынға онлайн режимде қатысты. Шара басталған сәтте, ұстаздар қауымын сала басшысы бір қуантып тастады. Биыл басталған мұғалімдердің жалақысын көтеру жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді. Бірақ білім сапасы соған сай болу керектігін де ескертті. Айтып қана қоймай, 1 миллионнан астам педагог біліктілігін арттырғанын атап өтті. Қоғамда қызу талқыланған қазақ-түрік лицейіне қатысты күмәнді де сейілтті.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Елбасының тапсырмасына сай, Білім және Ғылым Министрлігінің жұмыс тобы құрылып, жұмысын бастады. Біз түрік тарапымен байланыста жұмыс істейміз. Алайда бұл оқу үдерісіне еш қатысы жоқ. Олар еліміздің стандарттары бойынша қызмет ететін біздің қазақстандық мектептер. Біз бұл лицейлерді бірнеше мәрте тексердік. Ешқандай наразылық жоқ. Осыған дейін лицейлер қалай жұмыс істесе, бұдан кейін де бұрынғыша ісін жалғастыра береді.

Келер жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі өзгертіледі. Енді оқушылар электронды тестілеуден өтеді. Қазір министрлік тиісті жүйені әзірлеп жатыр. Ал 3 тілде білім беруге көшеміз деп байбалам салудың қажеті жоқ. Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева бұл жаңашылдық, 2019 жылы тек 10 мен 11 сыныптарға енгізілетінін тағы мәрте қаперге салып өтті. 2018 жылы бұл әдіске ұстаздардың дайындығы бағаланатынын жеткізді.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Бүгін бәріміздің педагогтар қауымдастығы мен бүкіл қоғам алдында мінсіз мектеп моделін дайындау міндеті тұр. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалуда. Мектептегі білім берудің бірыңғай жаңа стандарты енгізілуде.

Мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқарып, жұмысын жеңілдету үшін электронды күнделік жобасы енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, биылдан бастап ұстаздар білім берудің жаңа бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Заманауи әдістерді кеңірек таныстыру үшін кеңес аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Оқытушылар тың тәсілдерді саралап, әріптестерімен тәжірибе алмасты.2 күнге созылған кеңес соңында тынымсыз қызмет ететін ұстаздардың еңбегі ескерілді. Бірі білім беру ісінің үздігі атанса, енді бірі Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ерзат Зайытхан.

Хабар 24 телеарнасы