386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында 2000 түлек білім алған мектептеріне қолдау көрсеткен

  • 1011

Ақтөбе облысында 68 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 44 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті.

Бюджет қаржысынан бөлек кәсіпкерлердің көмегімен де біраз шаруа атқарылды. Әлеуметтік жауапкершілікті сезінген іскер жандар жөндеу жұмыстарына және оқушыларды мектепке дайындауға атсалысып жатыр. Қабырғасы қаланғанына 45 жыл болған №3 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалған. Ғимарат білім күніне дейін дайын болады. 10 сынып бөлмесі мен спорт залы толық жөндеуден өткен. Мектептің сырты қапталып, айналасына қоршау жасалып жатыр. Барлық жұмыстарға 150 млн теңге жұмсалған. Қажетті қаржыны осы мектептің бұрынғы түлегі, кәсіпкер азамат беріпті. Шалғайда тұрса да, мектебін ұмытпаған кәсіпкерге ұстаздары дән риза.

Шолпан Өмірзақова, мектеп директоры:

- Балаларға арналған еңбек шеберханасы бар, соны жөндеп жатыр. 10 кабинет жөнделді, линолиум ауыстырылып жатыр. 1 қыркүйекке бітіреді, тапсырады, амандық болса, ашамыз мектепті. Бәріміз қуанып жатырмыз, мектептік мұғалімдері, ата-аналар, балалар.

Облыста 2000 түлек өзі білім алған мектепке қолдау көрсеткен. Бірі жөндеу жұмыстарына қаражат бөлсе, бірі қажетті жабдықтар алып берген. Жалпы облыс мектептеріне жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Гүлжан Құлыбекова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Соның ішінде 3 жаңа мектеп Ақтөбе қаласында 1 қыркүйек күні жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, апатты жағдайдағы мектептер аудандарда орналасқан осы жылдың аяғына дейін қазан, желтоқсан айларында міндетті түрде пайдалануға беріледі.

Ақтөбеліктер «Мектепке жол» акциясына да белсенді қатысып жатыр. Коммуналдық мекеменің кәсіподақ ұйымы мүшелері кішкентай Ақжайықты мектепке дайындап, керек-жарағын әперіп жүр. Көп балалы отбасына бұл үлкен қолдау болды.

Надия Бекмеева, коммуналдық мекеменің кәсіподақ ұйымы төрайымы:

- Биыл біз 14 баланы мектепке дайындаймыз деп уәде бердік. Формасын және оқу құралдарын, мектеп сумкасын, аяқ киімін , сондай керектерін сатып алып береміз.

«Мектепке жол» акциясы басталғалы 2000-нан астам балаға 7 млн теңгеге киім мен оқу құралдары алынған. Тек кәсіпкерлер емес, денсаулық сақтау басқармасы, ішкі істер департаменті ұжымдары да бірнеше баланы мектепке дайындаған. Акция әлі де жалғасады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айнедин Молдабеков.

Хабар 24 телеарнасы