384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық көлік жүргізушілер 3D форматында емтихан тапсырады

  • 1210

Озық тәжірибе жол қозғалысын шынайы түрде сипаттап, дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Елдегі 11 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа жүйені енгізіп, куәлік алам деушілерден сынақ қабылдауда.

3D форматындағы сұрақтарда Астана көшелері дәлме-дәл суреттеледі. Яғни компьютер алдында отырып, жол белгілерін көлікпен қозғалып келе жатқандай айқын ажыратып, қай тұсында қандай ережені сақтау керектігіне жауап беру қажет. Жаңа емтихан билеттері Үкімет қаулысына сәйкес жаңартылды. Ондағы ең басты ерекшелік, сұрақтардың 3D үлгісіне өзгертілуі.

Бауыржан Наханов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы:

- Осы билеттер 12 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында енгізілді. Қалғаны жылдың аяғына дейін емтихан тіркеу бөлімдеріне енгізілді. Қазір 11. 12-ші бір айдың ішінде Шымкент қаласында ашылады. Қалған төрт аймақта келесі жылы ашылады.

Жүргізушілерге арналған емтихан базасында 1000-ға тарта сұрақ бар. Барлығы жаңа жүйе бойынша өзгертіліп, тек мазмұны бәз-баяғы қалпында сақталды. Ал емтихан тапсырушы 40 сұраққа жауап беріп, 32-сін дұрыс белгілеуі қажет. Сосын тәжірибелік сынақтың 12 түрлі жаттығуды мүлтіксіз орындауы тиіс.

Марат Қордабаев, аға мемлекеттік инспектор:

- 3D билеттер өте ыңғайлы, Емтихан тапсырушы жағдайды шынайы бақылай алады. Әрі жан-жақты түсінікті түрде жазылған. Жаңа жүйе қолға алынған уақыттан бері Астанадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 308 адам емтихан тапсырды. Солардың 97-сі практикалық сынаққа жіберілді. Қалғанына тағы бір мүмкіндік берілді.

Жалпы жыл басынан бері 262 мың қазақстандық көлік жүргізу куәлігін алуға өтініш білдірді. 66 мыңы қажетті құжатқа мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қол жеткізді. Айта кеткен жөн, маусым айынан бері куәлік алам деушілерге автомектептерде оқымай, емтихан тапсыруға рұқсат берілді. Бірақ сынақтан сәтті өткендердің саны аз. Сәйкесінше, оларға куәлік берілмеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Аят Дүйсебаев

Хабар 24 телеарнасы