378,86 417,79 6,08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресейдің Қорған қаласында СҚО ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

  • 1212

Ресейдің Қорған қаласында Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Отандық тауар өндірушілер тұтынушыларға 100-ден астам азық-түлік түрін ұсынып, 10 млн теңгеге сауда жасады. Бұл шекаралас аймақтар арасындағы әріптестік қарым-қатынастың бір парасы ғана. Екі жақ өзара ықпалдастық жөніндегі «Жол картасы» құжатын құрды.

Солтүстік Қазақстан облысынан келген керуенді қорғандықтар қуана қарсы алды. Тұтынушылар таңмен таласа кезекке тұрып, бал, сүт, май, шұжық, жұмыртқа тағы басқа табиғи тағам түрлерін делдалсыз, әрі арзан бағамен сатып алды.

Надежда Тюнина, Қорған қаласының тұрғыны:

- Жол-жөнекей базарға соғып, жәрмеңкеге түстім. Қорған қаласында қазақстандық тауарлар өте көп. Өзіме ұнайды. Шай, тәттілерін сатып аламын. Бағасы да, сапасы да көңілімнен шығады.

Георгий Целых, сүт зауытының директоры (Петропавл қаласы):

- Маусым айынан бастап аптасына 3 рет екі жарым тоннадан Қорғанға сүт өнімдерін жеткізіп тұрамыз. Әзірге 11 сауда нүктесін қамтыдық. Сұраныс тағы бар. Бүгін де барлығын сатып жібердік.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы (Twitter@91Aidarbek), «24KZ» арнасының тілшісі:

- Қазақстан мен Ресейдің алыс-беріс, барыс-келісі келісіп-ақ тұр. Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында көрші кәсіпкерлер бір-бірінің нарығын бағындырды. Мәселен осы жылдың 5 айында бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей елі арасындағы сауда айналымы 31 млрд теңгеден асты.

Екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайту үшін Солтүстік Қазақстан облысының ресми тобы Қорғанға арнайы келді. Өңір жетекшілері ауыл шаруашлығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, туризм бойынша келіссөздер жүргізіп, оларды жүзеге асыратын «Жол картасы» құжатына қол қойды.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Қорған облысының делегациясы біздің өңірде болып, бірқатар келісім шарт пен меморандумға қол қойылды. Соны бүгін біз өзіміз делегациямен келіп, қарастырдық, оның бәрі жақсы орындалып жатыр. Оған қосымша туризм мен кәсіпкерлер саласында тағы қосымша құжаттарға қол қойылды. Осының бәрі «Жол картасымен» бақыланатын болады.

Алексей Кокорин, Қорған облысының губернаторы:

- Сұйытылған табиғи газ зауыты бойынша жоба бар. Енді оны жүзеге асыру керек. Бұл Солтүстік Қазақстан облысы мен Қорғанға шекаралас аймақтарды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл екі жаққа да тиімді.

Сонымен қатар солтүстікқазақстандық дәрігерлері әлемге әйгілі Илизаров орталығында болып, тәжірибе жинақтады. «Құжаттардың қағаз күйінде қалмауы қатаң қадағаланады», - деді облыс басшылары.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы