389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бразилиялық жаттықтырушы бадминтонды самбамен ұштастырды

  • 918

Бразилиялық жаттықтырушы бадминтонды самба биімен біріктірді.

Рио-де-Жанейродағы спорт мектептерінің бірінде шәкірттер осындай әдіспен жаттығады. Бадминтон мен самбаның үндестігі жас спортшылардың қалақша мен шарды шебер игеруіне көмек. «Рио-де-Жанейро» атауын «бадминтон» сөзімен үйлестіру қиынға соғар. Бірақ бүкіл әлем «самба», «лашықтар» деген ұғымдарды Бразилиямен оңай байланыстырады. Жергілікті жаттықтырушы Себаштиану Оливейра балалар үйінде тәрбиленді. Бадминтонмен алғаш оқушы кезінде танысады. Осы спорт түрі оның өміріне оңды өзгеріс енгізді. Оливейра Рионың батыс шетінде лашықтарда тұратын жас спортшыларды 16 жылдан бері жаттықтырып келеді. Кейінде бадминтонға самба арқылы баулу әдісін енгізді.

Себаштиану Оливейра, жаттықтырушы:

- Бірде теледидардан самба биін көріп отырып маған Құдайым-ау, мынау тамаша әдіс қой деген ой келді. Бір сағаттың ішінде 200 калорияны жағуға болады. Самба денені дамытады, аяқпен жұмыс істеуге үйретеді, қозғалысты үйлестіріп, ырғақты жетілдіреді.

Оливейра негізін қалаған бұл мектепте 200-ден астам шәкірт бар. Олар тез қимылдап, жамбастарын емін-еркін айналдырып, қарсыласының әрекетін нақты бағдарлап, соған сай қарсы ойын көрсете алады. Бүгінде мектеп түлектері Олимпиада ойындарына қатысып, Бразилияны әлемге таныту үшін тер төгіп жүр. Сондай мақтаулы өрендердің арасында Оливейраның өз ұлы да бар.

Игорь Коэльо, олимпиадалық турнирге қатысушы:

- Аямай тер төгіп, өз қатарымнан озып шығуға мүмкіндік алдым. Онымен қоса, ағылшын тілін меңгеруге, ел, жер көруге болады. Қажырлы жаттығудың арқасында Олимпиада ойындарына өттім. Мына балалардың да осындай биік шыңдарды бағындыруға толық мүмкіндігі бар. Бұл мектеп тек бадминтон чемпиондарын ғана емес, сонымен бірге өмірде мойымай, биік белестерді бағындыруға жол ашады.

Мектеп түлектері Пан-Америкалық және Оңтүстік Америкалық ойындардың бірнеше дүркін жеңімпаздары. Спорт орталығындағы ұландар бадминтоннан басқа заманауи ақпараттық технологиялар мен ағылшын тілін де белсенді игеруде.

Авторлары: Ернат Қашқынов, Әсемай Сахип.

Хабар 24 телеарнасы