389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Италияда бірнеше шағын қала жермен-жексен болды

  • 822

Италияда жер сілкінісі кезінде бірнеше шағын қала қирап қалды.

Зілзаладан 40-қа жуық адам қаза тапқан. Ол сан әлі де өсуі мүмкін. Жүзден аса тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Құтқарушылар үйінділерді аршып, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зілзала жұрт ұйықтап жатқан кезде, түнгі сағат 3 жарымда болған. Сілкіністің магнитудасы Рихтер бағамымен 6-ға жетті.

Түнде болған жер сілкінісі орталық Италиядағы күллі жұртты тік тұрғызды. Рим, Флоренция, Неаполь және Римини тұрғындарының дені көздерін аша салып, далаға тұра қашқан. Зілзала ошағы ірі елді мекендерден алыс болған. Алайда Риети провинциясындағы бірнеше шағын қала жермен-жексен болды. Ең ауыр зардап шеккен Аматриче, Аккумоли мен Пескара-дель-Тронто елді мекендері. Бұл шаһарларда шамамен 3 мың адам тұрады.

Корнелия, куәгер:

- Зілзаланы аспашамдардың шайқалып, үйдегі ыдыстардың салдырлаған дауысынан білдім. Қорыққанымыздан далаға атып шықтық. Сәлден соң бәрі тынышталды. Сосын үйге кірдік. Бірақ біраз уақыттан кейін жер сілкінісі қайталанды және алдындағысынан да күшті болды. Рим айналасында зілзала жиі болады. Мәселен Акуилді айтамын. Мұнда қауіп сондай күшті болмаса да, үйге кірмей-ақ сыртта жүруді жөн санадым.

Аматриче қаласы бірнеше секундта тып-типыл болды. Тұрғындары үйлерінен шығып да үлгермеген. Таң атпастан құтқарушылар апаттан аман қалғандарды іздестіруде. Туыстарын іздеген қала тұрғындары үйінділерді қолмен аршып жатыр. Аурухана қирағандықтан, дәрігерлер жарақаттанғандарға далада көмек көрсетуге мәжбүр. Ауыр жараланғандар тікұшақтармен өзге қалалардағы ауруханаларға жеткізілуде. Баспанасыз қалғандар уақытша спорт алаңдарында жайғастырылған. Аккумолиде де жағдай мәз емес, қалада ауызсу мен электр қуаты жоқ. 135 тұрғыны бар Пескара-дель-Тронто жермен-жексен болды. Зілзаладан нақты қанша адам құрбан болғанын әлі ешкім дөп басып айта алмайды.

Фабрицио Курчио, Италия азаматтық қорғаныс қызметінің басшысы:

- Осындай жағдайларда нақты мәлімет айта алмайтынымызды білесіздер. Себебі бұл сандар кейін қате болып шығады. Зардап шеккен қалаларға жетуде қиындықтар бар, бірақ қолдағы бар күш пен құралдарымызды іске қостық, әскерді жұмылдырдық.

Қаза болғандар арасында балалар мен егде жастағылар бар. Жүзден аса адам хабарсыз кеткен. Құтқарушылардың айтуынша, жағдай ауыр. Сейсмологтар түнгі дүмпу Аматричеден 50 шақырым қашықтықта орналасқан Акуила қаласындағы жеті жыл бұрын болған жер сілкінісіне ұқсас дейді. Ол кезде де таңғы сағат 04:00-дегі зілзаланың қуаты 6,3 балл болған. Бірақ бір ерекшелігі, 2009жылғы дүмпудің ошағы тура қала астында орналасқан. Сондықтан бұл жолы құрбандар саны аз болады деген үміт бар. Алайда мамандар алдағы бір тәулікте жер сілкінісінің қайталануы мүмкін деп ескертті.

Авторлары: Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе

Хабар 24 телеарнасы