389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Е.Сағадиев: Мектеп формасын бірінші тоқсанның соңына дейін сатып алуға жағдай жасау керек

  • 964

Алматы қаласы білім сапасы бойынша республикалық көрсеткіштердің көшін бастап тұр.

Дегенмен, ұстаздардың Тамыз кеңесінде білім беру әдістемесін әлі де жетілдіру қажеттігі айтылды. Дәстүрлі жиын өзгеше сарынмен басталды. Білім министрінің назарына қала мектептерінде енгізілген инновациялық жобалардың көрмесі ұсынылды. Оқушының білімін ата-анасы да бақылау үшін электронды күнделік пен журнал, оқушылардың кәсіптік бейінін жетілдіруге бағытталған жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Ал интерактивті жүйе ұстаздарға онлайн желісімен тәжірибе бөлісуге мүмкіндік береді. Жылына бір рет өтетін алқалы жиында Алматының ҰБТ нәтижелері бойынша республикада 5 жылдан бері бірінші орында екені айтылды. Алайда қалада бірыңғай тестілеуде тиісті балл жинай алмаған мектептер де бар.

Рахат Шимашева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Мәселен, қаладағы №183 мектептің түлектері межелі балдың жартысын да жинай алмады. Бұл оқушының білім сапасын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстың жүргізілмейтінін көрсетеді.

Қалалық білім басқармасының басшысы бұл мектептерге білім берудің әдістемелерін жетілдіру қажеттігін айтты. Ал жаңа оқу жылы қарсаңында бірыңғай мектеп формасын алу үшін ата-аналар дүкендердің табалдырығын тоздыруда. Бүгінгі жиында білім министрі мұндай дүрбелең жасаудың қажеті жоқ екенін айтты.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Бірыңғай мектеп формасы төңірегінде дау болып жатқаны жасырын емес. Мектеп директорларына айтарым, мәселені қиындатудың қажеті жоқ. Форманы бірінші тоқсанның соңына дейін сатып алуға жағдай жасау керек. Ата-аналардың жаңа оқу жылы жақындағанда дайындыққа кірісетіні түсінікті. Дегенмен, ұзын-сонар кезекте тұрып, қарбалас тудырмау керек.

Тамыз кеңесінің соңында білім беруде жоғары көрсеткіштерге жеткен үздік мектеп ұжымдары мен ұстаздар марапатталды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ернар Сайлаубаев.

Хабар 24 телеарнасы