389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Рио Олимпиадасының жаңғырығы талайға дейін естіліп тұратыны анық

  • 963
Рио Олимпиадасының жаңғырығы талайға дейін естіліп тұратыны анық rsport.ru

Рио Олимпиадасы аяқталғанымен оның жаңғырығы талайға дейін естіліп тұратыны анық. Қазір әлем сайысты саралап, үздіктеріне жүлде үлестіріп, мықтыларын дәріптеуде.

Командалық есепте 22-орын иеленген Қазақ елінің саңлақтарына да ел-жұрты құрмет көрсетуде. Он алтыншы жылдың теңдесіз он алты күні. Құрлық біткен жүйрік қосқан, әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың намысқа шапқан додасы. Қазақстан он жеті медаль иеленді. Оның үшеуі - алтын.

Бүгінгі әңгіме де сол алтын ұлдар жайында. Алдымен Дмитрий Баландин туралы. Әкесі Игорь кезінде волейбол ойнаған. Шешесі Татьяна коньки спортымен шұғылданған. Спортқа шекеден қарамайтын отбасы Диманы сегіз жасында суға жүздіріпті. Талантты ұлды он үш жасында дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа берген. Дмитрий 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында жарқ етіп көзге түсті. Брасс әдісімен суға малтуда. Сол кездегі он тоғыз жасар Баландиннің өнеріне Азия құрлығы тәнті болған еді. Енді міне, Дмитрий - Олимпиада чемпионы.

Дмитрий БаландинРио Олимпиадасының чемпионы:

- Ел қолдауы болар. Бағымның жанғаны шығар. Олимпиада чемпионы керемет қой. Ең бастысы, ел үмітін ақтадым. Мен бақыттымын.

Қазақ жері талайдың бағын ашатын, бақытты ететін құтты мекен. Болгар бапкерлерінен шектеу көрген, жарыс шебіне жете алмайтынын анық түсінген Нижат Рахимов көк тудың астында өнер көрсетуге бел байлады. Білікті мамандардан кеңес алатынын білді. Оқу-жаттығу жиындарынан тарыққан жоқ. Нәтижесі елге мәлім. Рахимов та Рио Олимпиадасының чемпионы.

Нижат Рахимов, Рио Олимпиадасының чемпионы:

- Шелектеп тер төгілді. Өбектеп бапкерлер жүрді. Қазақ мемлекетінің тарапынан барлық жағдайлар жасалды. Еңбек ақталды. Бағым жанды. Әкемді үш жыл көрмеппін. Бейнет кештік. Енді зейнетін көреміз.

Данияр Елеусінов. Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны. Тұтас ұлт сенім артқан саңлақ ұл. Он алты жылдан бері олимп шыңын бағындыруды армандаған екен. Он алты жылдан бері жаттығуын үдетті. Дайындықты пысықтады. Бапкері - әкесі. Марат әке баласына қатал қарады. Кейде ғана күлімсірейді, - дейді Данияр. Әке де, бала да мақсаттарын бір арнаға тоғыстырды. Әке де, бала да сол мақсатқа жету жолын іздеді. Тап басты да. Ол қазіргі өлшем. Шын мәнінде екеуі де ізденді, еңбек етті. Бағыттан жаңылған жоқ. Үнемі жаттықты. Бапкер Марат боксшы Даниярдың бабын келтірді. Боксшы Данияр бапкер Мараттың тапсырмаларын мүлтіксіз орындады. Енді міне, екеуі де жеңіс тұғырында. Әлемге өз бейнеңдей танылған Қазақстан жалауы әлі талай жарыстарда желбірейді. Әлі талай жүлделер біздің елге ағылады. Сол жетістіктер жазылатын томдардың арасында бір-бір парақша болып осы үш жігіттің де жеңістері тізіледі. Ол анық қой.

Авторы: Аманкелді Сейтханов.

Хабар 24 телеарнасы