376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдағы «Бірлік-Единство.кz» халықаралық лагеріне белсенді жастар қатысты

  • 1267

Оралда «Бірлік-Единство.кz» халықаралық жастар лагерінің жалауы биыл 6-мәрте желбіреді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған шараға елімізбен көршілес жатқан Қырғызстан мен Ресей Федерациясының 5 облысынан белсенді жастар қатысты. 4 күнге созылған кездесуде олар өз ойларын ортаға салып, сарапшылардың кеңесіне құлақ түріп, дәріс алды.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жарқын болашақтың, кемел келешектің бүгінгі елшілері. Алға қойған әрбір арман-мақсаттың ашық аспан аясында ғана жүзеге асатыны рас. «Бүгінгідей бейбіт күнге сан түрлі ұлт пен ұлыстың бірлігі арқылы жеттік. Ал оны сақтап қалу жас буын үшін ең басты құндылық болуы тиіс», - дейді шараға қатысушылар.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақта жақсы мақал бар. «Су тасиды, тас қалады, кәрі кетеді, жас қалады» дейді. Ал енді бұл жерде қандай сұраққандай жастар қалады? Біз жастарды үйретпесек, татулық, бейбітшілік өмірге баулымасақ, ертеңгі болашағымыз қандай болатынын бір Құдай біледі.

Төрт күндік жиынды «Жұлдызды аспан астындағы арман» атты бейресми шара түйіндеді. Алау айналасында жайғасқан жастардың арман-тілегі ортақ. Ол барша халық татулық пен түсіністік аясында өмір сүріп, көгімізде бейбітшілік туының желбіреуі.

Антон Железняк, «Евразийское движение» қозғалысының аймақтық бөлімінің жетекшісі (РФ, Орынбор облысы)

- Мен Орал қаласында екінші рет болып тұрмын. Осы 3-4 күннің ішінде көптеген дос таптым. Арасында қырғызстандық жастар да бар. Мақсатымыз ортақ. Ол халықтар арасындағы достықты нығайту, көрші елдердің салт-дәстүрін, тілі мен ділін және мәдениетін танып-білу. Мәселен өзім қазақша бірнеше сөзді үйреніп қалдым. Болашақта дамыта түссем деймін.

Есесіне, екі тілде еркін көсілген павлодарлық Максим Споткай көпшілікті тәнті етті. Ресейдің Омбы қаласында қазақша газет шығарып жүрген жастың айтуынша, тіл үйрену үшін талмас талап пен ынта-жігер болса жетіп жатыр.

Максим Споткай, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы жастар кеңесінің төрағасы (председатель молодежного Совета Федерации профсоюзов РК)

- Өзге ұлт үшін қазақша сөйлеу қиын емес. Өйткені Қазақстанда тілдік орта бар. Сондықтан қай жерде болса да, қиын емес, методикаға, оқулықтарға қарамай-ақ, егер өзінің үлкен мақсаты, арманы болса, оңай болады.

Бейбіт елдің тірегі білімді ұрпақ. Осыған орай нақты ұсыныстар ортаға тасталды. Мәселен қырғыз елінің жастары келешекте мұнайлы өлкедегі өндіріс ошақтарында тәжірибе жинауға ниетті. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген өңір басшысы олардың жергілікті оқу орнында білім алуына мүмкіндік жасалатынын айтты. Бірлікке үндеген жиын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала тұлғалары» атты республикалық жастар экспедициясы сапарымен жалғасты.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы