378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді

  • 1520

Еліміз бойынша «Мектепке жол» атты республикалық акция жүргізіліп жатыр.

Биыл Атырау облысы бойынша 3771 ата-анадан өтініш түскен. Дәстүрлі шараға шағын және орта бизнес өкілдері, ірі мекемелер мен кәсіпорын ұжымдары атсалысуда. Облыстық білім басқармасы күн сайын ата-аналармен сөйлесіп, барлық мектеп оқушыларының сабаққа дайындығын анықтауға кірісті.

Әлия Имашева жеті баланың анасы. Оның бір-бірімен тетелес өсіп келе жатқан бесеуі бастауыш сыныптарда оқиды. Көпбалалы отбасының қаржысы тек бір баланы қамтамасыз етуге ғана жеткен. Қайырымды жандардың көмегі бұл отбасын тығырықтан шығарды.

Әлия Имашева, көпбалалы ана:

- Балаларымды бастан-аяқ киіндірді. Осы қазірге бір баланың өзіне, оқу құралына көп қаражат кетеді. Бес баламды киіндіргеніне өте ризамын. Алғысым шексіз, Алла разы болсын деп айтқым келіп отыр.

Әлеуметтік аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын жиі созатын кәсіпорындардың бірі – «Өнерпаз» тұрмыстық үйі. 110 адам еңбек ететін іргелі мекеме ұжымы бұл жолы да дәстүрлі шараға қатысып, 70 баланы басынан аяғына дейін киіндіріп, мектеп құралдарын әперді.

Әлия Бекқожиева, «Өнерпаз» тұрмыстық үйінің директоры:

- Балалардың қабағын кірбің шалмасын деген оймен айналасындағы балалардан ешқандай кем болмасын, балалар кемшілік, таршылық көрмесін деп осы акцияға жыл сайын атсалысып, қатысып жатырмыз. Биыл да осынша баланы киіндіріп отырмыз.

Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша биылғы жылы 14 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетілмек. Сонымен қатар биыл Елбасы қоры атынан 500 балаға оқушылар сөмкесі сыйға тартылды. Ал қысқы мезгілге таяу балаларды жылы киіммен қамту мақсатында «Қамқорлық» айлығы ұйымдастырылатын болады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы