383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жойқын қарудан бас тарту жолдарын халықаралық қауымдастық өкілдері Астанада талқыға салды

  • 1908

Осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық полигоны жабылды.

Ел тарихындағы елеулі күнге орай Астанаға әлемнің 50 елінен 200-ге жуық саясаткерлер мен сарапшылар, парламентшілер арнайы келді. «Ядролық қарусыз әлем» халықаралық конференциясына қатысып, Жер шарын жойқын қарудан бас тартуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылады. Елбасы да жиынға қатысып, қауіпті қарудан бас тартқан қазақ елінің бастамасын сөз етті.

Өткен күннің жаңғырығы тарих беттерінде өшпес із қалдырды. 500 мың адам жапа шекті. Жылдам тараған радиация, полигон аумағында тұрған тағы 1,5 млн адамға зиянын тигізді. Семей полигонында 40 жыл бойы жалпы саны 456 сынақ өткізілді. Бұл сұмдықты тоқтату, еліміз егеменді ел болған сәтте қабылданған ең маңызды шешім еді. Бүгінде қазақ елінің бұл бастамасын бүкіл әлем қолдады. Сондықтан да сөзден іске көшіп, жойқын қарудан бас тарту жолдарын халықаралық қауымдастық өкілдері Астанада талқыға салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 29 тамыз - барша азамат тарихындағы айтулы күн. 25 жыл бұрын дәл бүгін менің Жарлығыммен жер бетіндегі ең үлкен ядролық сынақ алаңдарының бірі - Семей полигоны жабылды. 40 жыл бойы ядролық жарылыс жасаған полигонның үні біржолата өшті. Биыл біздің еліміз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі белесін атап өтуде. Қазақстан ширек ғасырдан бері тұтас жер беті бейбітшілікке бөленуіне жол салып келеді. Әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында көптеген тың бастамалар көтердік. Қазақстанның бұл бағыттағы сан жылдық ерік-жігері мен ұсынған ХХІ ғасыр манифесінде көрініс тапты.

Полигон аумағында СС-18 деп аталатын 104 балистикалық ракета орналасты. Аэродромдарда 40 бомбалаушы ұшақ болды. Біздегі атомдық қарудың қуаттылығы Франция, Ұлыбритания, тіпті Қытайдан да мықты еді. Бірақ соған қарамастан еліміз әлемдегі төртінші ядролық державадан бас тартты. Қазақ елі бейбітшілікті қалады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Для того чтобы отказаться от такого мощного потенциала, нужна была сильная политическая воля. Скажу откровенно, что часть нашего общества была подвержена соблазну сохранить ядерный статус. Потребовалось множество усилий, чтобы не поддаться на эти ложные искушения. Отказ от ядерного оружия и статуса ядерной державы был нашим осознанным, искренним выбором, добровольным актом, поддержанным всем народом Казахстана.

Семей полигонын жабу туралы шешімді алғашқы болып Кәріпбек Күйіков қолдайды. Ол сынақтан тауқымет тартты. Бірақ мойыған жоқ. Суретші көзбен көргенін қылқалам көмегімен жеткізді. Ядролық қарудан бас тартуды әлемге насихаттайтын «АТОМ» жобасына атсалысып жүр.

Кәріпбек Күйіков, «АТОМ» жобасының Құрметті елшісі:

- Ядролық сынақтарға қарсы адамдар біздің сайтқа кіріп дауыс бере алады. Ондағы мақсат жаппай ядролық қарудың қолданысына тыйым салу. Қазір 300 мың адамның дауысын жинадық. Біз тағы миллион адамнан қолдау тауып, солардың тілегін ядролық қаруға жұмсалған миллион доллармен қаз-қатар қойғымыз келеді.

Бұл қауіпті қару лаңкестердің қолына түссе ешкімді аямайды. Сондықтан оны таратпау керек. Әрине, жаһанға ядролық қарудан бас тартуды үгіттеу оңай емес. Бұл ретте әлемдік кауымдастық жұмыла күресу қажет, - деді Елбасы. Ал Қазақ елі өзіндік тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Международная правовая база по ядерной безопасности в ХХІ веке укрепила свою основу. По инициативе Казахстана ГА ООН приняла 7 декабря 2015 года впервые в истории человечества всеобщую декларацию построения мира свободного от ядерного оружия. Сейчас важно кодифицировать все международное право по вопросам ядерной безопасности. Необходимо развивать юридический обязывающие систему гарантий ядерных держав, государствам, которые добровольно отказываются от обладания ядерным оружием, а также имеющим безъядерный статус

Олжас Сүлейменов, қоғам қайраткері:

- Атом бомбасы бар кезде адамзаттың болашағы жоқ. Біздің барлығымыз осыны түсініп, ядролық қарудан бас тарту бағытындағы жұмысты жалғастыруымыз керек. Бұл ретте «Невада-Семей» қозғалысының, Қазақстанның тәжірибесін барлық әлем пайдалануы қажет.

Қазақстанның бұл бастамасын халықаралық қауымдастық жоғары бағалайды. Еліміз атомдық қарудан ерікті түрде бас тартқандықтан, әлемнің ядролық державалары бізге екі жақты қауіпсіздік кепілдемесін берді.

Майкл Моллер, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:

- Семей полигоның жабу өте тарихи маңызды шешім болды. Бұл Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыз әлем көшбасшысына айналуына үлесін қосты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыздануды жаһандық басымдық ретінде атап өтті. Бұл өте маңызды. Әлемде қауіпсіздікті сақтау, ядролық қаруды сынауды тоқтату қажет. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун бүгінгі конференция қатысушыларына осындай пікірін жолдады.

Ласина Зербо, Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы даярлау комиссиясының атқарушы хатшысы:

- Қазақстан жаһандық  қауіпсіздікте көшбасшы екендігін танытып отыр. Біз ядролық сынақтарға тыйым салу үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керекпіз. Қазақстан төртінші ядролық держава бола тұра одан бас тартты. Бұл - Президент Назарбаевтың теңдесіз шешімі.

Елбасы конференция қатысушыларына қараша айында Астана бейбітшілік саммиті өтетінін жеткізді. Онда әлемдегі экономикалық және әлеуметтік мәселелер сараланып, Жер шарының қауіпсіздігін сақтау мәселесі талқыланады. Сондай-ақ оның алғашқы лауреатына премия табысталады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің бейбіт бастамаларымыздың барлығы әлем қауымдастығының жаппай қолдауына ие болды. Соның нәтижесінде Қазақстан жаһандық ядролық қарусыз әлем көшбасына айналды. Біздің ұсынысымызбен бүгінгі жер жүзі 29 тамызды Халықаралық ядролық сынаққа қарсы іс-қимыл күні ретінде қабылдады. Бұл Қазақстанның бейбіт бастамалары. Жер бетіндегі барша елдердің мүдделеріне сай келетінін және олардың қолдайтынын көрсетті.

Семей ядролық полигоны жабылғалы арада 25 жыл өтсе де оның қасіретін әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Бұл суреттерде жапа шеккен адамдардың азапқа толы тауқыметі бейнеленген. Әрине, өткенді кері қайтара алмаймыз. Бірақ қауіпті қарудан жапа шеккен ел ретінде әлемге ядролық қарудан бас тартуды насихаттап келеміз. Бүгінгі конференция соның айқын көрінісі.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Әлібек Әлиев, Хасен Омарқұлов.

«Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясы жөніндегі арнайы шығарылым.

Хабар 24 телеарнасы