389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сыр өңірінде 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген

  • 1491

Сыр елі тек ән-жыр мен күріштің отаны ғана емес, өндіріс пен өнеркәсіптің ошағына айналды. Шалғай елді мекендердің 70%-ы таза ауызсуға қол жеткізді. Құрылыс саласы да қарқын алып, айналдырған 2-3 жылдың ішінде 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сыр өңіріндегі сүбелі жобалар – шыны зауыты, тұрғын үй құрылыс комбинаты, керамикалық кірпіш зауыты отандық құрылыс материалдары өндірісін жаңа белеске шығарғандай. Бұл тізімде Қаратау бөктерінен ашылған айына 60 тонна әк шығаратын кәсіпорын ойып тұрып орын алады. 

Қайрат Ералиев, зауыт жұмысшысы:

-  Пеш жағамын осында. Градусы – 1200, 1500-ге дейін апарамыз. Әк қалыпты шығып жатыр. 15 күн істеп, 15 күн демаламыз. Реніш жоқ, 30-40 бала жұмыс істейміз. Бәрінің жағдайы жақсы. 

Өңірдегі өнеркәсіптің өрге басуын индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдықтағы екпінінен аңғаруға болады. Бұл ретте аймақта құны 387 млрд теңгені құрайтын 50 жоба қолға алынды. Межелі жоспар аясында экологиялық таза метан өндірісі жүзеге асырылып, сырбойылықтар игілігін көріп отыр. Үдемелі даму көшінен құрыш қолды құрылысшылар да қалыс қалған жоқ. Аймақта құрылыс көлемі 3 есеге, ал облыс орталығында 8 есеге артты.

Мұрат Тілеумбетов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Үлкен жұмыстардың бірі – тұрғын үй жұмыстары, былтыр 53 үй тапсырылып жатса, биыл 80 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Облыс бойынша 10 емхана бар. Оны да осы жылдың аяғына дейін бітіруіміз керек.

Қызылорда облысында 2020 жылға дейін жоспарланған «Балапан» бағдарламасы толық орындалып, аймақтағы 3 пен 6 жас аралығындағы 17 мыңнан астам балғын 100% балабақшамен қамтылды. Үш ауысымдағы мектеп мәселесі де өткен жылы түбегейлі шешілді. Апатты үйлер мен мектептер қатары жыл сайын азайып келеді. 

Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:

- 2013 жылдың басында Қызылорда облысында 36 апатты мектеп болған. 2014-15 жылдары біз 25 мектепті жаңадан салдық. Енді 11 мектеп қалған. Сол 11 мектепті жекеменшік әріптестік арқылы шешеміз деп едік, бірақ қазіргі дағдарыстың жағдайына байланысты тиімсіз болғаннан кейін, облыстық бюджеттен қаржы бөліп, биыл 5 мектепті, қалған 6 мектепті 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін салып шығамыз деп отырмыз.

Күрішшілер елінде биыл 170 мың гектарға жуық жерге дән себілді. Оның 80 мыңдай гектары ақ күріштің үлесінде. Даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары Сыр маржанының әр гектарынан 55-60 центнерден өнім алып, рекорд жаңартудан үмітті.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Руслан Айтманбетов

Хабар 24 телеарнасы