389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстан Президенті Ислам Каримов дүние салды

  • 2057

Өзбекстан Президенті Ислам Каримов 79 жасқа қараған шағында дүние салды. 2 қыркүйек күні күндіз Өзбекстанның Министрлер кабинеті республика басшысының денсаулығы күрт нашарлағанын хабарлаған еді. Ислам Каримовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 3 қыркүйек күні Самарқандта өтеді. Айта кетейік, осыған дейін Өзбекстан басшысы миына қан құйылып, ауруханада ауыр халде жатқан болатын. Ел Президентінің қайтыс болуына байланысты Өзбекстанда 3 күндік аза тұту күні жарияланды.

Өзбекстан Президентінің миына қан кетіп, ауруханаға түскені туралы ресми мәлімдеме 28 тамыз күні жасалды. Алайда оған дейін өзбекстандық және шетелдік бірқатар ақпарат құралы белгісіз дереккөздерге сүйеніп Ислам Каримовтің инсульт алғанын жарыса жазған болатын. Ал, бүгін ел үкіметінің ресми сайты Президент ауыр халге түскендігін жариялады. Көп кешікпей оның қайтыс болғаны туралы суыт хабар айтылды.

Ислам Абдуғаниұлы 1938 жылы Самарқандта дүниеге келді. Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірген ол еңбек жолын қарапайым зауыт қызметкерінен бастады. 1960-61 жылдары «Ташсельмаш» мекемесінде шебердің көмекшісі болып еңбек етті. 1961-66 жылдары Ташкент авиация өндірістік бірлестігінде алдымен инженер, кейіннен конструктор болды. 1966-83 жылдары Өзбекстан Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бас маманы деңгейінен төрағаның 1-орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Бұдан кейін Өзбекстан қаржы министрі сынды бірқатар жауапты қызметті атқарды. 1989 жылы Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, 1990 жылы 24 наурызда Өзбекстан Ұлы кеңесінің сессиясында Өзбекстан Президенті болып сайланды. Ал 1991 жылы тамызда ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін саяси жүйені жетілдіру ісіне тікелей басшылық жасады. Содан бері 25 жыл қатарынан ел тізгінін ұстап келді. «Ерен еңбегі үшін», «Өзбекстан қаһарманы» сынды көптеген марапаттарды иеленді. 2 қыз тәрбиелеп, олардан 5 немере сүйді.

Авторы: Елдар Бақпаев

Хабар 24 телеарнасы