384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда тау шыңына шыныдан көпір салынбақ

  • 994

Алматы маңындағы тау шыңында экстремалды аттракцион салынады. Бұл туралы «Медеу Инвест» форумы барысында қалалық туризм басқармасының жетекшісі Тимур Дүйсенғалиев мәлімдеді. Таудың ұшар басындағы көпір немесе көру алаңы тек әйнектен жасалады.

Әйнектен жасалған көпір мен көру алаңдары әлемнің көптеген елінде бар. Бойындағы үрейді жеңіп, аспалы жолдан бір өткен турист ұмытылмас әсер алады. Енді осындай жоба Шымбұлақтың жоғарғы жағындағы Чкалов шыңына салынады. Мақсат Алматыға келетін саяхатшылар санын арттыру.

Тимур Дүйсенғалиев, Туризм және сыртқы байланыс басқармасының жетекшісі:

- Шетелдік сарапшылар 30 миллион еуро инвестиция қажет деп отыр. Біздің есебіміз бойынша жоба 2018-2020 жылдары жүзеге асады. Инвесторлардың қаржысына салынады.

Қазір қалада 135 қонақүй бар. Олар жылына 4,5 миллион адамды қабылдай алады. Ал өткен жылы шаһарға 700 мыңнан астам турист келген. Шетелдік саяхатшылар соның жартысына да жетпейді. Бұған қонақүйлердегі бағаның қымбаттығы да кері әсерін тигізген.

Қайрат Сапарбаев, қонақүйлер желісінің басшысы:

- Негізінде студенттер келгенде «хостел» деген болады. Бір кереуетке 5-10 доллардан басталу керек. Үлкен азаматтар үшін 20-25 доллардан басталу керек. Бірақ ол енді «хостел» емес, қонақүй және ең көбі 50-75 доллар болу керек.

Инвест форумда қазақ халқының өнері, мәдениеті мен ұлттық тағамдарын қатар ұсынатын шоу-мейрамханалардың ашылатыны белгілі болды.

Ержан Жылқыбаев, Медеу ауданының әкімі:

- Жақында қаладағы бірінші этнокафе алғашқы меймандарын қабылдайды. Оған 450 миллион теңге инвестиция жұмсалды. Жыл соңына дейін тағы төрт қазақ мейрамханасы ашылады.

Шетелдіктерге қолайлы болу үшін биыл Алматы маңындағы көрікті жерлердің картасы жарық көреді. Қағаз нұсқасымен бірге оның мобильді қосымшасы да жасалынады. Сонымен қатар туристік бағыттардағы инфрақұрылымдардың барлығы жөндеуден өтеді.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы