384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік Корея Еуропаға жөнелтетін жүкті Қазақстан арқылы жібермек

  • 565

Корея Үкіметі өз кәсіпкерлеріне Еуропаға жөнелтетін жүкті Қазақстан арқылы жіберуге кеңес беріп отыр. Ол үшін билік тіпті эскпорттаушылар мен логистикалық компанияларға арнайы жеңілдіктер жасауға дайын. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің өкілі семинар кезінде айтты. Кездесуді Қазақстанның транзиттік әлеуетіне қызығып отырған Кореяның Логистикалық қауымдастығы мен еліміздің елшілігі ұйымдастырды. Форумға 100-ден аса компания өкілдері қатысты. Олардың ішінде жүк жіберушілер ғана емес, өндірушілер де бар.

Чжу Хён Чон, Оңтүстік Кореяның жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің бөлім басшысы:

- Ең біріншіден, еліміз «Еуразиялық бастама» деп аталатын Пак Кын Хенің жоспарын жүзеге асыруда. Бұл саясаттың мақсаты Еуразия логистикалық желісін дамытып, тиімді пайдалану. Сондықтан біз бұл идеяны жүзеге асыру үшін барымызды салып отырмыз. Теңіз жолына балама ретінде темір жолды да қарастырып отырмыз. Қазір Қазақстан арқылы жүк жөнелткісі келетін Корея компанияларының өтінімдері қабылданып жатыр. Бұл компаниялардың бәріне консалтингтік қызмет үшін 50% жеңілдік жасаймыз.

Осы күнге дейін жүктің 97%-ын теңіз арқылы жөнелтіп келген Оңтүстік Кореяның тынысы ашылды деуге болады. Өйткені олар ендігі жерде тауарды әртүрлі жолмен жеткізе алады. «Қазақстан темір жолы» компаниясы да осындай қызмет ұсына алады. Мамандардың айтуынша, тасымалдың бұл түрі жүк жөнелтушілерге әлдеқайда тиімді.

Әлия Ахметова, «ҚТЖ» ҰК АҚ интеграция және сыртқы саясат департаментінің директоры:

- Бүгінде Қазақстанның транзитті әлеуеті жылына 1 млн 650 мың контейнер. Қазақстан арқылы бағыт орташа есеппен 3 тәулікке жедел. «Қазақстан темір жолы» қызмет көрсету сапасын жақсартып, бәсекеге қабілетті тарифтік жағдай жасап, әкімшілік кедергілерді азайту, әсіресе жүкті кедендік ресімдеу кезіндегі кедергілерді жою үшін барлық шараларды қолға алып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы