378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мүгедек Анна Вервейн 8 жыл бері Қазақстанда жоқ дертпен арпалысып келеді

  • 538

Мүгедек Анна Вервейн 8 жыл елде жоқ дертпен арпалысып келеді. Дәрігерлердің қойған диагнозы – шашыраңқы склероз. Тағдырдан онсыз да қағажу көрген келіншекке өз деңгейінде демеу көрсетілмейді.

Анна Вервейн 8 жыл бұрын осындай еді. «Гүлдей жайнаған көңілі, тәтті өмірі болған», - дейді науқасты күткен Алмагүл Оразалина. Дертке шалдыққан жас келіншек сән салонында істеген. Ал қазір сүйікті ісінен де қол үзіп отыр.

Арнамыздың редакциясына Аннаның мүшкіл халін айтып келген Алмагүл Оразалина науқастың денсаулығына да, қазіргі жағдайына да қатты алаңдайды. Ай сайын жас келіншектің еміне 150 мыңдай теңге қажет. Ал Вервейннің зейнетақысы небәрі 50 мың теңге. Оның үстіне басында баспанасы жоқ.

Алмагүл Оразалина, Астана қаласының тұрғыны:

- Шашыраңқы склероз деген Қазақстанда кездеспейтін диагноз қойды. Сол себепті оның еміне ақша бөлінбейді екен. Бір ғана дәріге апта сайын 18-20 мың теңге шығынданамыз. Аннаның анасы мен ағасы болғанына шүкір. Бірақ қыздың шешесі алпысты алқымдаған әйел. Анасына бірдеңе бола қалса, «өмір сүргім келмей кетеді» дейді. Ал қыздың жасы небәрі 32-де.

Осы көктемде мүгедектің анасы арба алу үшін Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көмегіне жүгінген еді. Мемлекеттік орган туыстардың өтінішін қанағаттандырды. Бірақ бір маңызды нәрсені ескермесе керек. Анна отыра алмайды.

Алмагүл Оразалина, Астана қаласының тұрғыны:

- «Не арбаны аласыздар деді, не одан бас тартты деп жазамыз», - деді басқармадағылар. Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды деп, біз бұл арбаны алдық. Енді соқыр тауыққа бәрі бидай емес пе?! Қазір жаңасын, бізге керегін сұратып жүрмін. Әзірге ақша жоқ дейді.

Бұл оқиғаның тағы бір түртіп айтар тұсы бар. Алмагүл Оразалинаны Анна Вервейннің жеке көмекшісі етіп рәсімдеу оңай емес көрінеді. Ол үшін қаражат керек. Біз бұл проблеманы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жеткіздік. Ондағылар мәселені жақын арада шешіп, науқасты күтушіге мемлекеттік төлемдер тағайындалатынын айтты. Ал министрлік болса, Анна секілді мүгедектерге әлеуметтік, медициналық және тұрғын үй бойынша да көмек заңға сәйкес көрсетілуі тиіс дейді.

Альбина Боранбайқызы, ҚР ДСӘДМ әлеуметтік қызметтер департаменті басқармасының басшысы:

- Мұндай ауру бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, 2009 жылдан бері арнаулы әлеуметтік қызметтер енгізіліп келе жатыр. Ол - стационар, жартылай стационар, үйде болу және уақытша болу жағдайында ұсынылатын қызметтер. Жалпы мүгедектерге тегін, жергілікті бюджет есебінен протездік ортопедиялық бұйымдар, құралдар, кресло арбалар және санаторлық-курорттық емделу ұсынылады.

Соңғы 5 жылда мүгедектерді қолдауға бағытталған қаржы 2,5 есе өскен. Яғни 6,5 млрд теңге бөлінді. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға етене араластырумен байланысты. Ал жақында Астанада 18 жастан асқан мүгедектерге арналған мемлекеттік оңалту орталығы ашылады.

Альбина Боранбайқызы, ҚР ДСӘДМ әлеуметтік қызметтер департаменті басқармасының басшысы:

- Мұндай орталық Астанада балаларға арналған. Енді келешекте ересектерге, 18 жастан асқан адамдарға осындай орталық ашу мәселесін Астана әкімдігі қазір қарастырып жатыр. Нормативтік жағынан, заң жүзінде және қаражат бөлу жағын қазір қарастыруда.

Ұйқы-күлкіден арылған Анна Вервейннің бар үміті қазір министрлікте. Өз ісіне шаң жуытпайтын мемлекеттік орган өкілдері бұл мәселені өз назарына алған. Енді Анна армандаған арбасына қараша айында қол жеткізеді.

Авторлары: Ж.Біркенов, С.Сексенбаева, Е.Рахманбердиев, Н.Базаров

Хабар 24 телеарнасы