384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жапония билігі денесіне сурет салған шетелдіктерге қарсылық танытпайды

  • 1116

Жапония билігі денесіне таңба салып, тату жасатқан жандарға өзге қырынан қарауға кірісті. Өйткені күншығыс елінде жұрттың көбісі мұндай әуесті әбес көреді. Қазір мемлекет 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге дайындалып жатыр. Жергілікті биліктің ұстанымы бойынша, бұл мәселе шетелдік қонақтар арасында қолайсыздық тудырмауы керек. Жапонияда тәніне жазба, денесіне тату жасатқан жандардың жағажайда емін-еркін жатуы екіталай. Тіпті оларды спорттық зал мен бассейнге де кіргізбей жатады. Өйткені жергілікті жұрт адам денесіне салынған суретті якудза, яғни жапондық мафия белгісі деп ұғады. Ал батыстық жастар арасында тату жасату қалыпты нәрсеге айналып кеткен. Сол себепті Еуропа мен АҚШ-тан күншығыс еліне келетін туристер жапондар пікірін жарата бермейді.

Кэрин Саката, Австриядан келген студент:

- Мен қолыма панданың суретін салдырғам. Маған жергілікті тұрғындар соның кесірінен жұмысқа тұра алмауың мүмкін дейді. Немесе бассейнге барсам, аттап бастырмауы да ғажап емес. Ал спорттық залда мен татуымды жең ішіне жасырып жүруге мәжбүрмін. Әрине, бұл жағдайлар қолайсыздық туғызады.

Нейла Катаничтің пікірі де осыған саяды. Австралиялық қыз Жапонияға ыстық бұлаққа түсу үшін арнайы келіпті. Алайда мұндағы татуға деген теріс пікірді естіп, есі шығып отыр.

Нейла Катанич, Австралиядан келген турист:

- Мен бұл туралы ештеңе де білген жоқпын. Егер мені ыстық бұлаққа жібермей қойса, не істейді екем.

Жапондық туристік агенттік қызметкерлері жүргізген сауалнамаға сайсақ, өткен жылы елдегі бассейн, спорттық зал мен монша атаулының тең жартысында көпшілік көзінше татумен жүруге тыйым салынған екен. Мекемелер әкімшілігі бұл шектеуге қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартып отыр. Алайда денеге салынған суретте тұрған түк те жоқ деп ойлайтындар да бар.

Казуюки Шигихара, монша иесі

- 4 жылдан кейін бізде Олимпиада ойындары өтеді. Сондықтан жұрт өзге елдердің тату өнеріне құрметпен қарағаны жөн. Біз еш уақытта денесінде суреті бар қонақтарға есігімізді жапқан емеспіз.

Өткен жылы күншығыс еліне 20 миллионға жуық турист келген екен. Бұл рекордтық көрсеткіш. Жергілікті билік бұл көрсеткішті еселеп арттыруды көздеп отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы.

Хабар 24 телеарнасы