384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда етті ерекше әдіспен саудалайтын дүкен ашылды

  • 829

Қостанайда етті ерекше әдіспен саудалайтын дүкен елге қызмет ете бастады. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында ашылған нысанда тұтынушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Яғни, сатып алушылардың өзіне қажетті өнімді таңдап қана қоймай, етті мүшелеп, жіліктеп алуына да мүмкіндік бар. Дүкен жанынан ет өнімдерін шығаратын цех та іске қосылған. Дүкенде бүгінде ет өнімдерінің 28 түрі саудаланады. Болашақта оған тағы 12 түрі қосылмақ. Сауда орнында шетелдік өнімге орын жоқ, шикізаттың «көзі» - жергілікті шаруашылықтар. Арнайы қасапханада сойылған малдың еті, мұнда мұздатылған күйде жеткізіледі. Құжаттары сақадай сай, мөрі басылған, артық күмәнға орын жоқ. Одан әрі жіліктеу бөлімінде, тұтынушылардың көз алдында бөлшектенеді. Тұтынушыларды тағамға деген талғамы әр түрлі. Кейбірі тіпті мүшелеп, жіліктеп алғанды қалайды. Олардың өтініші де әп-сәтте орындалады.

Азамат Әжібаев, ет жіліктеуші:

- Тұтынушылар сатып алады, сүйегімен деп айтады, қаққа бөліп бер дейді, соны алып, қайталап шауып, қандай керек соны шауып береміз. Біреулер майсыз деп айтады, біреуіне майлы керек, оларға майлысын кесіп береміз.

Ал дүкен ішіндегі өңдеу орнында тұшпара, орама, шұжық тәрізді фабрикаттар шығарылады. Бәрін үйдегідей тәсілмен істейтін цехтың күндік қуаты - 120 келі. Тауарға тапсырыс беруші оның қалай жасалып жатқанын бақылай алады. Сапа мен тазалық мұндағы басты талап.

Мигран Мелконян, кәсіпкер:

- Дүкен мемлекет көмегімен салынды. Қолдау болмағанда оны іске қосылуымыз неғайбыл еді. Біз «Даму» қоры арқылы 11 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Бұл қаржы құрылысқа және қажетті жабдықтар сатып алуға жұмсалды.

Қазір бұл жерде айына 14-15 тонна ет өңделіп, сатылымға шығады. Дүкенмен бірге 12 адамға жұмыс орны ашылған. Ал «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында биыл облыста жалпы құны 8,5 млрд теңге болатын 69 жоба қаржыландырылған.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров.

Хабар 24 телеарнасы