384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматының аумағында ортағасырлық ондаған қоныс пен бірнеше ірі қала болған

  • 811

Алып шаһар Алматыға - 1000 жыл. Көзтартар көркімен талайды таңғалдырған қаланың мерейтойы биыл ЮНЕСКО аясында аталып өтуде. Қыркүйек айының басынан бастап әртүрлі конференция, ғылыми форумдар мен көрмелер өтіп жатыр. Бірақ негізгі мерекелік іс-шаралар осы жексенбі күні болады. Кейбір деректерге сенсек, бүгінгі Алматы қаласының аумағында ортағасырлық ондаған қоныс пен бірнеше ірі қала болған. Өкініштісі солардың ешқайсысы сақталмаған. Бізге дейін жеткені тек мынандай көне шаһардың орны ғана. Алматы атауы орта ғасырда қалыптасқан. Үлкен, орта және кіші Алматы өзендерінің бойында үш қала болған. Археологтар сол үш шаһардың да Алматы деп аталғанын айтады. ХІІІ ғасырдағы «Алмату» деген жазуы бар тиынның табылуы ғалымдардың пайымын нақтылай түскен. Сол шаһарлардың бірі қазіргі Шекара академиясының, екіншісі ботаника бағының астында жатыр. Ал үшіншісі Алма-арасанға бара жатқан жолдың бойында орналасқан.

Арнабай Нұржанов, археолог:

- Аэрогефизика деген мамандық бар. Сол арқылы зерттеген кезде бұл қаланың аумағы 4 гектар. Орталық бөлігі. Ал енді ары жағындағы жалпы аумағы бұл 22 гектарды құрайды. Төрт гектар жерде бұл қаланың цитадель дейміз, орталық бөлімі осында орналасқан.

Алматы тарихы туралы жазба деректер моңғол, қытай, араб-парсы жазбаларында да бар. Ал фотоаппаратқа қатталған алғашқы ғимараттың бірі ерлер гимназиясы екен. Басқа суреттер де қаланың кейінгі кезеңінен сыр шертеді.

Гауһар Бекішева, ҚР Президенті архиві бөлімнің басшысы:

- 1937 жылғы қала көшесінде трамвай мен түйенің қатар келе жатқандығы. Бұл трамвайдың ең алғашқы пайда болған кезі осы Алматы қаласында. Сонымен қатар қазіргі Райымбек даңғылы, бұрынғы Ташкент аллеясы. Жол салу сәті. Мына суретте көріп отырғандарыңыздай Алматыдағы ең бірінші отарбаның пайда болғаны жөнінде.

Атақты әнші Нұрғали Нүсіпжановтың да сүйікті орны бар. Кешке қарай Алматының орталығындағы «Аққу» субұрқағына келіп, бір серуендеп кетуді студенттік кезден дәстүрге айналдырған. Алматыға көшкелі 60 жылдың ішінде қала танымастай өзгерді, - дейді әнші.

Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның халық әртісі:

- Алматының бір көшесінде жүру, Алматының бір оқуын оқу ол бір үлкен жас балалардың бәрінің арманы еді ғой. Сол арман қуып келгенбіз. Қазір Абай даңғылы, Абай даңғылының жоғары жағы сол егістік жер болатын. Анау Қазақстан қонақ үйінің орнында тау институті болатын.

Содан бері Алматы еліміздің ғылым, өнеркәсіп, қаржы және сауда орталығына айналды. Мәдениет пен өнердің тамырын терең жайған жері. Бүгінгі таңда мыңжылдық тарихы бар әсем қала заман ағымына сай дамып келеді.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Айдар Әбдешев, Серік Бақбаев.

Хабар 24 телеарнасы