383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы-Арена көп функционалды спорт сарайын Елбасы салтанатты түрде ашты

  • 1101

Жалпыға ортақ той! Бүгін алаш жұрты Алматының мыңжылдығын атап өтті. Алматы - Орталық Азиядағы ірі қаржылық экономикалық әрі мәдени мегаполиске айналған шаһар. Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар қала жыл санап өрісі кеңейіп, өсіп-өркендеп келеді. Шаһар мыңжылдығын атап өтіп жатыр. Қалалықтар мен меймандардың көңілі ерекше көтеріңкі.

Басты шаралардың бірі Алматы-Аренада өтті. Бұл - алдағы жылы Универсиадаға арнап салынған нысанның бірі. Мұнда торқалы тойға арналған гала-концерт болды. Мерекелік думанды кештің басты қонағы - Нұрсұлтан Назарбаев.

Алматы - тәуелсіздіктің тал бесігі. Елдің егемендігі осында жарияланған. Ең маңызды шешімдер қабылданған қала. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш астанасы. Сондықтан шаһардың ел өмірінде алатын орны ерекше. Бүгінде Алматы ірі мегаполис. Мәдениет, спортпен бірге қаржы орталығы. Жастардың мекені. Ел студенттерінің үштен бір бөлігі Алатаудың баурайында білім алып жатыр. Он ғасырға созылған тариxында шаһар талайды өткерді. Бүгінде ару қала өзінің көрікті келбетінен арылған емес. Оның келешегі кемел. Ал басты құндылығы - ол қарапайым тұрғындар.

Алматы-Арена көп функционалды спорт сарайын Елбасы салтанатты түрде ашты. Дүниежүзі студенттерінің спорт додасының ашылуы мен жабылу рәсімі осында өтетін болады. Жастар мұзда мәнерлеп сырғанау мен кёрлингтен де осы сарайда бақ сынасады. Жарыстан соң қалалықтардың игілігіне қызмет етпек. Жергілікті жастар емін-еркін шыныға алады.

Алматы Алатауымен ерек. Медеу, Шымбұлағымен аты мәшһүр. Меймандатып келгендер мұнда бас сұқпай өтпейді. Игі дәстүрді Нұрсұлтан Назарбаев та сақтайды. Бүгін таудың баурайында жұпар ауасымен демалып, көркем табиғатына сүйсініп қайтты. Ару Алматы алты алаштың ардақтысы. Арман қуып келгендерді бауырына басып, биіктерге жетеледі. Солардың бірі - Бибігүл Төлегенова. Мыңжылды артқа тастағанмен Алматының жасампаз дәурені енді басталып келеді. Талай белестерді бағындырды, дегенмен, асар асуы әлі алды. Бұған ел сенімді. Жұртшылық мың жылдықты дүркіретіп тойлады. 250-ден астам шара өтті. Тіпті, бұл дата ЮНЕСКО шеңберінде аталды. Ал қолданысқа беріліп жатқан жаңа нысандар қаланың мыңжылдығы мен Тәуелсіздіктің торқалы тойына тарту.

Авторлары: Мұxтар Ыбырайым, Жұмағали Біргебаев, Руслан Жәкеев.

Хабар 24 телеарнасы