386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аймақтарды жылумен қамту бойынша үш облыс Үкіметтің ерекше бақылауында

  • 1099

Жылу беру маусымының басталуына да аз уақыт қалды. Аймақтарды жылумен қамту бойынша Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары Үкіметтің ерекше бақылауында. Бүгін біздің өңірдегі тілшілеріміз саладағы жағдайды біліп қайтты.

Болат Көкенайұлы, (Twitter@bolekekokenay), Хабар 24 арнасының тілшісі:

- 300 мыңнан астам тұрғыны бар Семей қаласында осыдан 10 жыл бұрын қордаланған мәселе көп еді. Жылда қақаған қыс ортасында кейбір үйлер жылусыз қалатын. Соңғы жылдары бұл түйткілдің түйіні тарқап, ретке келе бастады. Бүгін жауапты басшылар қаладағы қазандықтар жылу маусымына толық дайын, құбырлар жөнделіп бітуге жақын деген мәлімдеме жасады.

25 қыркүйекте жылу жүйелерін сынақтан өткізу басталмақ. «Қаражыра» көмір кенішімен келісім-шарт жасалған. Күніне 45 вагон жеткізілуде. Яғни отын қоры бойынша да мәселе жоқ. Қала тұрғындары да белсенді дайындалуда. Көпқабатты тұрғын үйлердің 86%-ы жылу қабылдауға әзір. Қарыздармен жұмыс та қарқынды жүруде. «Жылукоммунэнерго» кәсіпорыны алдындағы халықтың берешегі 340 миллион теңге. Қазанның 15-іне дейін ол да азаяды деген үміт бар.

Николай Eшаков, қала әкімінің орынбасары:

- Жылу маусымы 15 қазанда басталады. Алайда күн райы күрт суытса, ертерек те басталуы мүмкін. Мәселен өткен жылы сынап бағанасы нөл градусқа дейін төмендеп, қазанның 2-сі күні бастауға мәжбүр болдық. Биыл да байқаймыз, егер қажеттілік туындап жатса, кез-келген уақытта жылу беруге сақадай саймыз. Биыл қала бюджетінен «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнында ағымдағы жөндеулер жүргізу үшін қосымша 105 миллион теңге бөлінгенін де айта кеткен жөн.

Ал енді еліміздің оңтүстігінде жылу маусымына дайындық қалай?

Қанат Жүнісбеков (Twitter@kanat_shim), Хабар 24 арнасының тілшісі:

- Шымкентті тұтастай жылумен қамтамасыз етіп отырған «3-Энергоорталық» өзге мекеме алдында қарызға белшеден батып қалған. Алпауыт кәсіпорынның өздерін көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған компанияға 1 миллиард теңгеден астам қаржы берешегі бар. Сол себепті тамыздың 21-інен бастап орталыққа көгілдір отын беру тоқтатылған. Монополистердің қазір бас ауыртар басты проблемасы осы болып тұр.

Осыған байланысты «ҚазТрансгазАймақ» компаниясы қала әкімінің қатысуымен арнайы семинар өткізген. Онда қарызды біртіндеп төлеу мәселесі қаралған. Берешекті қайтарудың жаңа кестесі де жасалып жатыр екен. «Жылу маусымы басталғанға дейін 700 миллион теңге төленуі керек. Монополистердің қоржынында 200 миллион теңге бар», -дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер. Қалған қаржы іздестіріліп жатыр. Мамандар бұның жылу маусымына еш кедергісі болмайды деп отыр. Ал қала тұрғындарының берешегі 118 миллион теңге.

««Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің мамандары қарызы бар 8 мыңнан астам абонентті сотқа берген. Ескерту жасалғанына қарамастан, кейбір тұрғындар берешегін өтеуге асығар емес», - дейді қызметкерлер.

Әбсаттар Душанов, «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің бөлім басшысы:

- Әр тиын бізге керек. Жылу орталығының алдындағы қарыздарымыз бар, оларды өтеуіміз керек. Халыққа айлық төлеуіміз керек. Материал алуымыз керек. 118 миллион теңге – өте үлкен ақша бізге. Қазір орнына келтіру үшін күресіп жатырмыз.

Жылыту маусымына дайындық барысы қала әкімінің тікелей бақылауына алынған. Билік өкілдері қандай қиындық болса да, қалаға жылу дер кезінде беріледі деп отыр.

Қалада 1782 көпқабатты үй болса, соның 1600-інде сығымдау жұмыстары жүргізілген.43 шақырым жылу жүйесі жаңғыртылған. Оған мемлекеттен 2 миллардтан астам қаржы бөлініпті. «Барлық жұмыстар қазан айында толық бітеді», - дейді мамандары.

Шымкентте өзге өңірлермен салыстырғанда жылыту маусымы әлде қайда кеш басталады.

Айнұр Әбдиева (Twitter@ainura@83), Хабар 24 арнасының тілшісі:

- Қарағанды облысындағы 800-ге жуық білім мекемесі жылыту маусымына толық дайын. Бұл туралы жауапты мекеме басшылары мәлімдеп отыр.

Ауруханалар мен әлеуметтік нысандар да 99%-ға әзір. Қазір 500-ге жуық көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы облыс бойынша бұл бағыттағы жұмыс 97%-ға орындалған.

Нұрлан Мәжитов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінге дейін барлық 47 жылу жүйесінің қазандықтары жөнделді. Сонымен қатар 116 шақырым жылу торабы мен 127 шақырым су құбырлары және кәріз жүйесі күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ 3,5 мың электр жүйесі мен 761 қосалқы станция қысқы маусымға толық дайын.

Қарағанды облысында 8 жылу электр станциясы бар. Биыл Теміртаудағы жылу орталығының дайындығы көңіл көншітпей отыр. №1 қазандық пен 1-турбинаның жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімнен кешіктіріледі деп күтілуде. Ал екінші қазандықты жөндеу жұмыстары желтоқсан айының орта шеніне дейін созылмақ. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қыста болған апаттың салдарын жоюға екі ай уақыт кеткен болатын.

Биыл облыс бойынша жөндеу жұмыстарына 44 млрд теңге жұмсалды. 10 қазанға дейін өңірдегі тұрғын үйлер толығымен жылу жүйесіне қосылады деп жоспарланып отыр.

Хабар 24 телеарнасы