378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан-Өзбекстан сауда-экономикалық байланысы жаңа бағытта дамымақ

  • 1081

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс жаңа бағытта дамымақ. Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған делегацияның Ташкентке жасаған сапары барысында айтылды. Тараптар Ұлы Жібек жолы бойындағы бауырлас екі елдің тауарларын әлемдік нарыққа шығарудың тиімді жолдарын қарастырды, бірлесіп ірі сауда орындарын құруға уағдаласты.

Қазақстандық делагаттарды Өзбекстан Республикасы Президентінің уақытша міндетін атқарушы Шавкат Мирзиеев резиденциясында өзі күтіп алды. Бұл көрші ел басшысының қазақ жұртына деген құрметі болса керек. Кездесу барысында түбі бір туыс халықтар арасындағы ертеректен келе жатқан сауда-саттық пен барыс-келісті одан әрі дамыту жайы сөз болды. «Бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық пен достық экономикалық байланыстың нығая беруіне негіз бола алады», - деді Шавкат Мирзиеев.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан Республикасы Президентінің уақытша міндетін атқарушы:

- Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен Асқар Ұзақбайұлының осында келіп отырғанын халық біледі. Бүгінгі кездесу барысында бір-бірімізді жақсы, дұрыс түсіндік деп ойлаймын. Мәселені шешу керек. Бір жерде тұрып қалмай алға жылжуымыз керек. Жұрт осы кездесуден нәтиже күтеді.

Ташкенттегі өткен кездесуде тараптар Еуропа елдеріне шығатын көлік дәлізі мен трансазиялық шойын жол және автомобиль магистральдарын тиімді пайдалану жағын талқылады. Өйткені Ұлы Жібек жолы екі елдің тауарларын әлемдік нарыққа шығаратын жол болып табылады. Осы аралықта тасымалданатын жүктерге ортақ тарифтік жеңілдіктер жасау және жеміс-жидек пен көкөніс таситын контейнерлік пойыздарды іске қосу, сондай-ақ темір жол қызметін жандандыру сияқты түрлі екі елге ортақ мәселелері қаралды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министірінің бірінші орынбасары:

- Кездесу барысында екіжақты барлық мәселелер бойынша сұрақтар талқыланды.Соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистикалық және басқа да салалар бойынша ортақ келісімге келдік. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен қысқа мерзім ішінде сауда-экономикалық айналымын 5 миллиард АҚШ долларына жеткізуге жоспарлап отырмыз.

Кездесу аясында Қазақстан Өзбекстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін, астық пен ұн экспортын ұлғайтуға уағдаласты.Тиісінше, болашақта бірлескен кәсіпорын құрып ірі сауда үйлерін ашу мәселесі де талқыланды.Қазақстандық делегаттардың Ташкентке жасаған сапары барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды.Тараптар алдағы уақытта жиі бас қосып тұруға уағдаласты.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы